Ақтөбе облысында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жұмыссыз азаматтарға жаңа мүмкіндік ұсынуда

Ақтөбе облысында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жұмыссыз азаматтарға жаңа мүмкіндік ұсынуда

Ақтөбе облысында халықты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының бірі – қысқа мерзімді кәсіптік оқыту қарқынды жүзеге асырылуда. Оқытудың негізгі мақсаты – еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды қысқа мерзімде меңгеру арқылы жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту.

2026 жылы облыс бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 540 жұмыссыз азаматты тарту жоспарланған. Бүгінгі таңда 230-дан астам адам оқуға жолданып, жаңа мамандықтарды игеруге кірісті.

Қатысушылар еңбек нарығында сұраныс жоғары кәсіптер бойынша білім алуда. Атап айтқанда, олар тігінші, шаштараз-стилист, электр жабдықтарына қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі электромонтер, аспаз, есепші, кондитер, тәрбиеші көмекшісі мамандықтарын меңгеруде. Бұл кәсіптердің барлығы өңірдегі жұмыс берушілер арасында сұранысқа ие болғандықтан, тыңдаушылардың тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік мол.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту тек теориялық біліммен шектелмейді. Оқу бағдарламасы тәжірибелік дағдыларды дамытуға бағытталған, сондықтан тыңдаушылар нақты өндірістік ортада өз мамандықтарының қыр-сырын меңгереді. Оқу аяқталғаннан кейін қатысушыларға сертификат табысталады.

Оқытудың басты ерекшелігі – жұмысқа орналасуға басымдық берілуі. Оқу аяқталған соң тыңдаушылар төртжақты келісімшарт негізінде тұрақты жұмыс орындарына орналастырылады. Бұл келісім Еңбек мобильділігі орталығы, оқу ұйымы, жұмыс беруші және қатысушы арасында жасалып, азаматтардың алған мамандығы бойынша еңбек жолын бастауына нақты кепілдік береді.

Мемлекет оқу кезеңінде қатысушыларға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетеді. Бір адамды оқытуға жұмсалатын шығын 40 270 теңгені құрайды. Сонымен қатар тыңдаушыларға ай сайын 43 574 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Міндетті медициналық тексеруден өту шығындары да мемлекет есебінен өтеліп, оған 2 айлық есептік көрсеткіш (8 650 теңге) көлемінде қаражат қарастырылған.

Егер сіз жаңа мамандықты тегін меңгеріп, тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін пайдаланғыңыз келсе, тұрғылықты жеріңіз бойынша Мансап орталығына жүгініп, мамандардан толық ақпарат ала аласыз.