
Қалалық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталықта «Заң және тәртіп» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылып, қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды мәселелер талқыланды.
Іс-шараға Ақтөбе қаласы Полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторы, полиция капитаны Молдаш Нұржамал қатысып, қоғамдағы заң мен тәртіп қағидаттарының маңызын жан-жақты түсіндірді. Ол құқықтық мәдениетті қалыптастырудың, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін білуінің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі орнына ерекше тоқталды.
Кездесу барысында бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – сталкинг, яғни адамның еркінен тыс қудалау әрекеттері туралы кеңінен сөз қозғалды. Инспектор мұндай әрекеттердің белгілерін, оның құқықтық жауапкершілігін және алдын алу жолдарын түсіндіріп, азаматтарды өз қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырды.
Сонымен қатар орталықтың заңгер кеңесшісі Мәмбетова Гүлшат Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Заңы аясында отбасы институтының маңыздылығы, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері жөнінде мазмұнды ақпарат берді. Ол отбасыдағы өзара сыйластық пен жауапкершіліктің берік қоғам қалыптастырудағы рөлін атап өтті.
Кездесу қорытындысында заң мен тәртіптің мемлекет тұрақтылығының, қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың әл-ауқатының басты кепілі екені ерекше айтылды. Сондай-ақ заң талаптарын білу – тек құқық қорғау саласы мамандарының ғана емес, әрбір Қазақстан Республикасы азаматының міндеті екені, әр адамның өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқылы екені кеңінен түсіндірілді.