Техникалық оңалту құралдарын тиімді пайдалану: Ақтөбеде пилоттық жоба талқыланды

Техникалық оңалту құралдарын тиімді пайдалану: Ақтөбеде пилоттық жоба талқыланды

Бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегайдың төрағалығымен бейнебайланыс арқылы Ақтөбе облысында техникалық оңалту құралдарын қайтару тетігін енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті.

Жиналысқа Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, облыс әкімінің мүгедектігі бар адамдардың мәселелері жөніндегі кеңесшісі Құралай Байменова, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Турсынбаев,  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бибигүл Бисенғалиева, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың, әлеуметтік қорғау саласындағы ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және мүгедектігі бар азаматтардың мүддесін қорғайтын қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Кеңес барысында техникалық оңалту құралдарын тиімді пайдалану, оларды қайтару және қайта үлестіру тетіктерін енгізу, пилоттық жобаны іске асырудың ұйымдастырушылық және құқықтық аспектілері талқыланды. Сондай-ақ қатысушылар өңірде аталған жобаны жүзеге асырудың өзекті мәселелері мен ұсыныстарын ортаға салды.

Жиын қорытындысында пилоттық жобаны сапалы іске асыру бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, техникалық оңалту құралдарын пайдаланудың тиімділігін арттыру, мұқтаж азаматтарды қажетті құралдармен уақытылы қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі атап өтілді.