Ақтөбеде «Сен жалғыз емессің: қолдау күні» акциясы аясында өзекті мәселелер бойынша азаматтарды қабылдау ұйымдастырылды

Ақтөбеде «Сен жалғыз емессің: қолдау күні» акциясы аясында өзекті мәселелер бойынша азаматтарды қабылдау ұйымдастырылды

Ақтөбе қаласында өткен «Сен жалғыз емессің: қолдау күні» акциясы аясында Ақтөбе қалалық мәслихатының төрағасы, депутаттары, қалалық бөлімдердің өкілдері, заңгерлер, психологтар, кәсіпкерлікке бағыттаушы мамандар тұрғындарды қабылдап, олардың мәселелерін тыңдады.

Шараның басты мақсаты – қиын жағдайға тап болған отбасыларға, аналарға және азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың қызметін қолжетімді ету. Қабылдауға келген тұрғындардың саны көп болды. Әрқайсысының өмірлік жағдайы әртүрлі болғанымен, көтерілген мәселелердің негізгі бөлігі баспана, әлеуметтік жағдай, инфрақұрылым және тұрғылықты мекенжайлардың жай-күйіне қатысты болды.

Кейбір азаматтар борышкер атанып, күнделікті тұрмысын қамтамасыз етуде қиындық көріп отырғандарын айтты. Мұндай жағдайлардың бір бөлігі қаржылық сауаттылықтың төмендігімен байланысты болса, енді бір бөлігі шынайы мұқтаждық пен әлеуметтік мәселелердің салдары екені байқалды.


Сондай-ақ тұрғындарға тұрғын үй кезегіне тұру, кезектің жылжуы, әлеуметтік төлемдер және тұрғын үй алу мүмкіндіктері мәселелері бойынша консультациялар берілді.