
Қазіргі таңда жаңа білім мен кәсіби дағдыларды игеру жұмыспен қамтылу және мансаптық өсу үшін маңызды шарттардың біріне айналды. Мұндай мүмкіндікті үйден шықпай-ақ Skills Enbek онлайн-платформасы арқылы пайдалануға болады. Платформа сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім алып, біліктілікті арттыруға мүмкіндік береді.
Платформа жұмыссыз азаматтарға да, жаңа мамандық меңгергісі келетін, қызмет саласын өзгертуді немесе кәсіби құзыреттерін жетілдіруді көздейтін азаматтарға да арналған. Оқу онлайн форматта ұйымдастырылғандықтан, әрбір қатысушы оқу уақытын өзіне ыңғайлы түрде жоспарлап, материалдарды өз қарқынымен меңгере алады.
Бүгінде платформада түрлі бағыттар бойынша 604 оқу курсы қолжетімді, оның 319-ы тегін ұсынылады. Курстардың ұзақтығы 2 сағаттан 72 сағатқа дейін созылады, бұл әрбір азаматқа өз мақсаты мен қажеттілігіне сәйкес бағдарламаны таңдауға мүмкіндік береді.
Ақтөбе облысының тұрғындары арасында еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша курстар ерекше танымал. Ең көп сұранысқа ие бағыттардың бірі – есепші мамандығы. Сонымен қатар агроном, көлік жүргізушісі және әлеуметтік жұмыс маманы мамандықтары бойынша курстарға қызығушылық жоғары. Бұдан бөлек, платформада бизнес, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар, қызмет көрсету және басқа да салалар бойынша көптеген оқу бағдарламалары ұсынылған.
Платформаның сұранысқа ие екендігін оқу нәтижелері де көрсетіп отыр. 2026 жылдың басынан бері Ақтөбе облысында Skills Enbek платформасы арқылы 3 310 адам онлайн курстарды сәтті аяқтаса, оның 3 009-ы сертификат алған. Оқуды аяқтағандардың арасында әйелдер мен ер азаматтардың үлесі шамалас, ал ең белсенді қатысушылар қатарын 36-50 жас аралығындағы азаматтар құрайды.
Кәсіптік оқыту мүмкіндіктері, оқу курстарына қатысу тәртібі және басқа да сұрақтар бойынша қосымша ақпарат алу үшін тұрғылықты жеріңіздегі Мансап орталығына жүгінуге болады.