Облыс әкімі Асхат Шахаровтың Қала күніне арналған құттықтауы

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың Қала күніне арналған құттықтауы

Ардақты ақтөбелік ағайын!

Баршаңызды алтын бесігіміз - Ақтөбе қаласының туған күнімен құттықтаймын!

Ғасырдан астам тарихы бар Ақтөбе - елдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, еңбегімен еңселенген, бірлігімен бекемденген қасиетті шаһар. Кеше ғана шағын бекініс ретінде іргесі қаланған қала бүгінде Қазақстанның батысындағы ірі индустриялық, экономикалық және мәдени орталықтардың біріне айналды. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Ақтөбенің өндірістік-логистикалық және транзиттік әлеуеті зор, стратегиялық маңызы жоғары.

Ақтөбе талай тарихи кезеңдерді бастан өткеріп, талай белесті бағындырды. Бүгінде шаһарымыз қарқынды дамып, жаңа келбетке ие болып келеді.

Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» акциясы аясында Ақтөбеде ауқымды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Саябақтарға көрік беріліп, жаңадан қоғамдық кеңістіктер пайда болып, мыңдаған ағаш отырғызылып, тұрғындарға жайлы әрі экологиялық таза орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жүзеге асырылып жатыр.

Қаламыздың келешек келбетін айқындайтын ірі жобалардың бірі - «Алтын Орда» іскерлік-экономикалық орталығы бой көтеріп келеді. Ақтөбенің жаңа даму нүктесіне айналатын заманауи кеңістікте жаңа драм театр, халықаралық талаптарға сай стадион, көпфункционалды спорт аренасы, ауқымды саябақтар мен тұрғындарға қажетті әлеуметтік және коммерциялық нысандар салынады. Сонымен қатар, заман талабына сай сауда және ойын-сауық орталықтары, қонақ үй кешендері, қоғамдық демалыс аймақтары мен бизнес орталықтар бой көтереді. Бұл жобалар Ақтөбенің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, шаһардың сәулеттік келбетін жаңа деңгейге көтереді.

Ақтөбеміздің қалыптасу жолында әрқайсыңыздың орныңыз ерекше. Қаланың өркендеуіне үлес қосып жүрген еңбек адамдарына, ардагерлерге, жастарға, кәсіпкерлер мен зиялы қауым өкілдеріне шынайы алғысымды білдіремін. Ақтөбенің бүгінгі жетістігі - барша ақтөбеліктің ортақ еңбегінің нәтижесі.

Біз туған қаламыздың болашағы үшін бір үйдің баласындай жұмылып еңбек ете береміз. Ақтөбе алдағы уақытта да тұрғындарына жайлы, қонақтарына тартымды, келешегі кемел шаһар боларына сенімім мол.

Қала күні құтты болсын! Сіздерге зор денсаулық, әр отбасыға амандық, бақ-береке, толағай табыс тілеймін!

Ел аман, жұрт тыныш болғай!