Басқарма басшысы Ләззат Уразбаева жұмыс сапарымен Шалқар ауданындағы Белсенді өмір сүру орталығы мен Отбасын қолдау орталықтарының жұмысымен танысты

Басқарма басшысы Ләззат Уразбаева жұмыс сапарымен Шалқар ауданындағы Белсенді өмір сүру орталығы мен Отбасын қолдау орталықтарының жұмысымен танысты

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Уразбаева жұмыс сапарымен Шалқар ауданына барып, Белсенді өмір сүру орталығы мен Отбасын қолдау орталықтарының жұмысымен танысты.

Белсенді өмір сүру орталығының басты мақсаты – зейнет жасындағы азаматтарға ақпараттық-кеңестік, әлеуметтік және құқықтық қолдау көрсету, оларды қоғам өміріне белсенді араластыру, физикалық және психологиялық денсаулығын нығайту, сондай-ақ бос уақытын тиімді ұйымдастыру арқылы әлеуметтік қолдау көрсету болып табылады.

Қазіргі таңда орталықта жаттығу залы, оқу залы, қолөнер, йога және массаж бөлмелері жұмыс істейді. Сонымен қатар, келушілер үшін үстел теннисі, тоғызқұмалақ, дойбы және шахмат секілді зияткерлік әрі спорттық ойындармен айналысуға барлық жағдай жасалған.

Жыл басынан бері орталықта зейнеткерлер мен ардагерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және олардың белсенді өмір сүруін қолдауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізілді. Аталған шаралар денсаулық сақтау, мәдени-рухани, тәрбиелік-танымдық, спорттық және әлеуметтік бағыттарды қамтиды.

Бүгінгі таңда орталық қызметіне 147 зейнеткер қатысуда.

Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Отбасын қолдау орталығының қызметі таныстырылды. Орталық өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында құрылған. Осы бағытта ауданда мобильдік топтар жасақталып, олар жергілікті деңгейде мониторинг жүргізу арқылы азаматтардың әлеуметтік мәселелерін ерте кезеңде анықтап, қажетті қолдау шараларын ұйымдастыру жұмыстарын жүзеге асыруда.

Отбасын қолдау орталықтары арқылы тұрғындарға заңгерлік және психологиялық көмек көрсетіліп, жұмысқа орналастыруға жәрдем беріледі. Сонымен қатар, әлеуметтік қолдау шаралары ұйымдастырылып, медиаторлардың кеңестері ұсынылады. Қызметтер әр отбасының нақты жағдайын ескере отырып, жеке тәсіл негізінде көрсетіледі.

Бүгінде аудан тұрғындары Отбасын қолдау орталықтарына жүгіну арқылы қажетті әлеуметтік қызметтерді қолжетімді түрде алуға мүмкіндік алып отыр.