
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Уразбаева жұмыс сапарымен Шалқар ауданына барып, аудандық Мансап орталығының қызметімен танысты.
Сапар аясында Шалқар қаласы күніне орай ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысты. Жәрмеңкеге 20 жұмыс беруші қатысып, 47 бос жұмыс орнын ұсынды. Сонымен қатар, мемлекеттік қайтарымсыз грант иегерлері өз кәсіптерін таныстырған көрме ұйымдастырылды. Көрмеде 11 грант иегері түрлі бағыттағы жобаларын көпшілік назарына ұсынды.
Атап айтқанда, көкөніс өнімдерін шығару, мұздатылған жартылай фабрикаттар өндіру, сауын сиыр шаруашылығы, ет өнімдерін дайындау, фастфуд өнімдері, ұлттық өнер және құрақ тігу, ұлттық нақыштағы киімдер тігу, тіс шеберханасы, пластикалық құбырларды монтаждау, сондай-ақ тігін шеберханасын ашу және перде тігу бағытындағы жобалар таныстырылды.
Жәрмеңкеде ұсынылған бос жұмыс орындары қатарында дәрігер-анестезиолог, реаниматолог, жалпы тәжірибелік дәрігер, хирург, эндокринолог мамандықтары болды. Сонымен бірге ағылшын тілі, математика, музыка, физика және химия пәндерінің мұғалімдеріне сұраныс жоғары екені айтылды. Бұдан бөлек, электрик, жүргізуші, аспаз, құрылысшы, әдіскер, психолог, логопед және дефектолог мамандарына арналған жұмыс орындары ұсынылды.
Бүгінде Шалқар ауданы бойынша Enbek.kz электрондық еңбек биржасы порталында 40-қа жуық бос жұмыс орны жарияланған.