
Ақтөбе облысында халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтарды қолдауға бағытталған мемлекеттік қайтарымсыз гранттар бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында жаңа бизнес бастамаларды іске асыруға немесе қолданыстағы кәсіпті кеңейтуге 400 айлық есептік көрсеткішке дейін қаржылай қолдау беріледі. Қаражат құрал-жабдық, инвентарь сатып алуға, мал шаруашылығын дамытуға, тұқым алуға және өндірістік қызметке қатысты өзге де шығындарға жұмсалады.
Бағдарламаға жұмыссыз азаматтар мен кәсіпкерлікпен үш жылдан аспайтын уақыт айналысқан жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Үміткерлердің әлеуметтік осал топтарға жатуы және «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқудан өтіп, сертификат алуы міндетті шарт болып табылады.
Бүгінгі таңда грант иегерлері өз жобаларын дамытып, бизнестерін жаңа деңгейге көтеруді жалғастыруда. Солардың бірі — зергерлік бұйымдар өндірумен айналысатын Бағланов Сырым. Ол бірнеше жылдан бері янтарь, інжу және басқа да асыл тастардан әшекей бұйымдар жасап келеді.
Шебердің өнімдері еліміздің түрлі өңірлерінде, соның ішінде Ақтөбе, Астана, Павлодар, Атырау және Алматы қалаларында тұрақты сұранысқа ие. Қазіргі уақытта ол Ақтөбе қаласындағы сауда үйлерінің бірінде өз дүкенін ашып, сондай-ақ интернет-дүкен арқылы тапсырыстар қабылдап, өнімдерін бүкіл ел бойынша жеткізуде.
Грант қаражаты есебінен ол құюға арналған құрылғы, пеш, 3D-принтер және жылтырату аппаратын сатып алып, бұл өндірістік мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді.
Тағы бір мысал – Салима Усербаева. Ол жылқы мен сиыр етінен шұжық өнімдерін өндіру ісін 2022 жылдан бері дамытып келеді. Арнайы шеберлік сабақтарынан өткен ол бүгінде жергілікті нарықта сұранысқа ие өнім ұсынып отыр. Грант қаражаты арқылы ыстау аппараты, қамыр илегіш машина, вакуумдау құрылғысы және қаптау клипсаторы сатып алынып, өндіріс үдерісі толық жаңғыртылды.
Осылайша, мемлекеттік қайтарымсыз гранттар әлеуметтік көмек құралы ғана емес, азаматтардың кәсіпкерлік әлеуетін ашып, тұрақты табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік беріп отырған маңызды бастамаға айналуда.