
Бүгін Ақтөбе қаласындағы «Анаға тағзым» ғимаратында мүгедектігі бар азаматтарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Іс-шараны Ақтөбе облысының Еңбек мобильділігі орталығы ұйымдастырды.
Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, олардың кәсіби әлеуетін іске асыруына қолдау көрсету және еңбек нарығына тиімді бейімделуіне жағдай жасау.
Іс-шараға өндіріс және қызмет көрсету салаларындағы 12 мекеме мен кәсіпорын қатысты. Олардың қатарында «Анвар» ЖШС, «KASPI BANK» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Ақтөбе кенсіз материалдар комбинаты» ЖШС, «VITALLES» ЖШС және өзге де ұйымдар бар.
Жұмыс берушілер тарапынан жалпы саны 36 бос жұмыс орны ұсынылды. Ұсынылған мамандықтар қатарында байланыс операторы, кассир, жұмысшы, еден жуушы, жүргізуші, электрик, механик, газ-электр дәнекерлеуші, есепші, кіші қызметкер және басқа да мамандықтар қамтылды. Бұл әртүрлі кәсіби дағдыларға ие азаматтар үшін нақты мүмкіндіктер алаңын қалыптастырды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2024–2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы шеңберінде мемлекеттік қайтарымсыз грант иегерлері болған 5 кәсіпкер өз өнімдерін таныстырып, жәрмеңке жұмысына белсенді қатысты.
Іс-шара барысында жұмыс іздеушілерге жұмыспен қамтудың белсенді шаралары туралы ақпарат беріліп, тиісті кеңестер ұсынылды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Ақтөбе облысы бойынша Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) порталында 2200-ден астам бос жұмыс орны жарияланған.