
2026 жылғы 2 сәуірде Дүниежүзілік аутизм туралы ақпараттандыру күні аясында Астана қаласында «Түсіністік түсі: ерте араласудан әлеуметтендіруге дейін» атты диалог алаңы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қатысып, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау жүйесін дамыту мәселелеріне назар аударды. Кездесу «Қамқорлық» корпоративтік қоры серіктестерімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Аталған алаң түрлі сала мамандарын, мемлекеттік органдар өкілдерін, үкіметтік емес ұйымдарды, ата-аналар қауымдастығын және сарапшыларды біріктірді. Қатысушылар аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларды ерте диагностикалау, кешенді сүйемелдеу, инклюзивті білім беруді дамыту, әлеуметтік бейімдеу және отбасыларды қолдау бағыттарын жан-жақты талқылады. Бұл бастама елімізде ерекше қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және оларды қоғамға толыққанды кіріктіруге бағытталған маңызды қадам болды.
Осы бағыттағы жұмыстар өңірлерде де жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Диалог алаңында Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Уразбаева баяндама жасап, өңірдегі ахуал туралы мәлімет ұсынды. Бүгінде облыста 32 019 мүгедектігі бар адам тіркелген, оның ішінде 5 933-і – балалар. Ал 616 балаға аутизм диагнозы қойылған.
Өңірде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау мақсатында бірқатар жобалар іске асырылуда. Соның бірі – 2024 жылы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен ашылған «Қамқорлық» орталығы. Орталық халықаралық стандарттарға сай жабдықталған және 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді.
Мұнда білім беру және оңалту қызметтерімен қатар, әлеуметтік-тұрмыстық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған кешенді қолдау ұсынылады. Атап айтқанда, ағаш өңдеу, қыш және тігін шеберханалары жұмыс істейді. Сонымен бірге робототерапия, леготерапия, арт-терапия және музыкалық терапия сияқты заманауи әдістер қолданылып, балалардың әлеуметтенуіне ықпал етуде.
Қызмет сапасын арттыру мақсатында орталық мамандары АВА терапиясы бойынша біліктілігін жетілдіруде. Бұл өз кезегінде ерекше балаларға көрсетілетін көмектің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Іс-шара соңында министр ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау жүйесін дамытуға үлес қосқан мамандар мен ұйымдарды марапаттады. Кездесу «Балалық шақ кеңістігі» атты көркем жұмыстар көрмесінің ашылуымен қорытындыланды.
Жалпы, аталған диалог алаңы қоғамда аутизм мәселесіне деген түсінікті арттыруға және мемлекеттік әрі қоғамдық институттардың өзара іс-қимылын нығайтуға ықпал ететін маңызды алаң екенін көрсетті.