Ақтөбе облысында мемлекеттік гранттар бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді

Ақтөбе облысында мемлекеттік гранттар бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді

Ақтөбе облысында халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтардың жаңа бизнес бастамаларын қолдауға бағытталған мемлекеттік гранттар бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді. Кәсіп ашуға немесе қолданыстағы бизнесті дамытуға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз гранттар беріледі.

Грант қаражаты кәсіпкерлікті дамытуға қажетті құрал-жабдықтар мен инвентарь сатып алуға, ауыл шаруашылығы жануарларын, тұқым алуға, сондай-ақ ғимараттарды жалға алу және басқа да кәсіпті дамытуға байланысты шығындарға жұмсалуы тиіс.

Бағдарламаға жұмыссыз азаматтар мен кәсіпкерлікпен үш жылдан аспайтын уақыт айналысқан жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Сонымен қатар үміткерлер көпбалалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелері, мүгедектігі бар азаматтар және басқа да әлеуметтік санаттарға жатуы тиіс. Бұдан бөлек, қатысушылар «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқудан өтіп, сертификат алуы қажет.

2025 жылы Ақтөбе облысында 567 адам мемлекеттік грантқа ие болды. Оның ішінде екінші лек бойынша 286 тұрғын қолдау алып, бүгінде өз бизнес жобаларын сәтті жүзеге асыруда. Мемлекеттік қолдау көптеген азаматтар үшін кәсіпкерлікке жол ашып, сүйікті ісін тұрақты табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік берді.

Көпбалалы ана Жайнагуль Ермашева бірнеше жылдан бері ет өнімдерін өндірумен айналысады және өз кәсібін дамыту мақсатында «Амандық ет» дүкенін ашты. Грант қаражаты арқылы оның көп жылдардағы арманы — ыстау пешін сатып алу жүзеге асты. Бұл пеш ет өнімдерін ыстық немесе суық тәсілмен түтінге қақтап, дәмді тағамдар дайындауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта сапалы өнімдерге сұраныс артып отыр, ал Жайнагуль гранттық қолдаудың пайдасы зор деп есептейді.

Көпбалалы әке Сырымбетов Серик дәнекерлеу қызметін дамытты. Ол 2012 жылдан бері өз ісін жүргізіп, ошақ, титан, жылыту қазандығы және тапсырыс бойынша әр түрлі жұмыстар атқарады. Грантқа жартылай автоматты аргонды дәнекерлеу аппараты, бұрғылау станогы және басқа да құралдар сатып алып, қызмет түрін кеңейтті. Серик жұмысты санына емес, сапасына басымдық беретінін айтады. Жаңа жабдықтар клиенттер санын арттыруға мүмкіндік берді.