
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Уразбаеваның төрағалығымен Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның 2026 жылға арналған жұмыс жоспарының І-тоқсанға белгіленген іс-шаралары бойынша отырысы өтті.
Күн тәртібінде өңірдегі еңбек нарығын дамытуға бағытталған бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және оның құнын бекіту, сондай-ақ жоғары және арнаулы оқу орындарын тәмамдаған түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейіне жүргізілген талдау нәтижелері талқыланды.
Отырысқа комиссия мүшелері облыстық білім басқармасы, кәсіпкерлер палатасы, жастар саясаты мәселелері басқармасы, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының өкілдері қатысып, өз салалары бойынша пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.
Талқылау барысында жастарды жұмыспен қамту мәселесінің өзектілігіне ерекше назар аударылды. Жоғары оқу орындары түлектерінің еңбек нарығына бейімделуін қамтамасыз ету, оларды тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы шараларды күшейту қажеттігі атап өтілді.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты басқармаларға бірлесіп жұмыс жүргізу, жастарға арналған мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру, сондай-ақ түлектерді жұмыспен қамту бойынша нақты тетіктерді жетілдіру жөнінде тапсырмалар берілді.