Грант – бастаманың бастауы: мемлекеттік қолдау Ақтөбе облысы тұрғындарына өз ісін ашуға қалай көмектесуде

Грант – бастаманың бастауы: мемлекеттік қолдау Ақтөбе облысы тұрғындарына өз ісін ашуға қалай көмектесуде

Ақтөбе облысында халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтардың жаңа бизнес бастамаларын қолдауға бағытталған мемлекеттік гранттар бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді. Кәсіп ашуға немесе қолданыстағы бизнесті дамытуға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз гранттар беріледі.

Грант қаражаты кәсіпкерлікті дамытуға қажетті құрал-жабдықтар мен инвентарь сатып алуға, ауыл шаруашылығы жануарларын, тұқым алуға, сондай-ақ ғимараттарды жалға алу және басқа да кәсіпті дамытуға байланысты шығындарға жұмсалуы тиіс.

Бағдарламаға жұмыссыз азаматтар мен кәсіпкерлікпен үш жылдан аспайтын уақыт айналысқан жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Сонымен қатар үміткерлер көпбалалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелері, мүгедектігі бар азаматтар және басқа да әлеуметтік санаттарға жатуы тиіс. Бұдан бөлек, қатысушылар «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқудан өтіп, сертификат алуы қажет.

2025 жылы Ақтөбе облысында 567 адам мемлекеттік грантқа ие болды. Оның ішінде екінші лек бойынша 286 тұрғын қолдау алып, бүгінде өз бизнес жобаларын сәтті жүзеге асыруда.

Мемлекеттік қолдау көптеген азаматтар үшін кәсіпкерлікке жол ашып, сүйікті ісін тұрақты табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік берді.

Грант иегерлерінің бірі — Нұрлан Данимов. Ол бірнеше жылдан бері пластикалық терезелер мен есіктерді өндіру және орнатумен айналысады. Грант қаражатының арқасында кәсіпкер кесу станогын және өндірістік үтік сатып алып, өндіріс мүмкіндігін едәуір кеңейтті.

Қазіргі таңда оның қызметіне сұраныс артып келеді: тапсырыстар тек Ақтөбе қаласынан ғана емес, ауылдық елді мекендерден және Орал қаласынан да түсуде. Алдағы уақытта Нұрлан өндіріс қуатын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.

Көпбалалы әке Батыржан Ахметов грант қаражатын автосервис қызметін дамытуға бағыттады. Ол дөңгелектерді теңгеру, монтаждау және демонтаждауға арналған құрылғылар мен компрессор сатып алды. Жаңа жабдықтар қызмет түрлерін кеңейтіп, клиенттер санын арттыруға мүмкіндік берді.

Ал Айгерім Куюкова әлеуметтік маңызы бар қызмет көрсетуде. Ол мүгедектігі бар азаматтар мен зейнеткерлерге үй мен ғимараттарды тазалау бойынша клининг қызметін ұсынады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкер қажетті құрал-жабдықтар алып, қызмет сапасын жақсарта алды.

Көпбалалы ана Эльза Касанова үшін грант туристік жобасын дамытуға үлкен мүмкіндік болды. Ол үш жылдан бері Қазақстан бойынша авторлық туристік сапарлар ұйымдастырып келеді. Грант қаражатына жиһаз, компьютерлік техника сатып алып, кеңсе жалдау шығындарын жабуда. Эльзаның айтуынша, мемлекеттік қолдаудың арқасында оның көптен бергі арманы орындалып, өз ісін дамытуға жол ашылды.