Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бағытында 4 мекеме қызмет атқарады

Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бағытында 4 мекеме қызмет атқарады

Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бағытында 4 мекеме қызмет атқарады. Аталған орталықтарда қазіргі таңда барлығы 800-ден астам адам арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Атап айтқанда, қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, 18 жастан жоғары жүйке жүйесі аурулары бар азаматтарға арналған №2 орталық, 18 жасқа дейінгі жүйке жүйесі аурулары бар балаларға арналған №3 орталық, сондай-ақ жартылай стационар жағдайында 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі менталды бұзушылықтары бар балаларға арналған «Қамқорлық» орталығы қызмет көрсетуде.

Аталған мекемелерде қызмет алушылардың өмір сапасын арттыруға, олардың қоғамға бейімделуіне, медициналық-әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

2026 жылы іске асырылатын негізгі жобалар шеңберінде арнаулы әлеуметтік қызметтер инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жұмыстар жоспарланған. Соның ішінде, Темір ауданының Шұбарқұдық ауылында менталды бұзушылықтары және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған 130 орындық стационарлық «Ainala» оңалту орталығын ашу жоспарлануда. Жобаның іске қосылуы Темір, Мұғалжар, Ойыл, Байғанин, Алға және Қобда аудандарында тұратын осы санаттағы мүгедектігі бар балаларды сапалы оңалту қызметтерімен қамтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Ақтөбе қаласында мүгедектігі бар адамдарға арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылысы жүргізілуде. Аталған нысанды ағымдағы жылы пайдалануға беру көзделіп отыр.