
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовтың төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Жиынға жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Талғат Искарин, Темір ауданының әкімі Алмас Жақсылықов, Ақтөбе аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Ізбасар Кенжебай, комиссия мүшелері, сондай-ақ мұнай-газ компанияларының басшылары қатысты.
Күн тәртібінде Темір ауданында жұмыс жасап жатқан мұнай-газ компанияларындағы ағымдағы ахуал мен еңбек жанжалдарының туындау тәуекелдері, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу бағытында қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ тұрғындарды тұрмыстық газбен қамтамасыз етуге қатысты ұсыныстар жан-жақты талқыланды.
Отырыс барысында «QazServiceGroup» ЖШС мен «QAZAQGAZAIMAQ» АҚ-ның Ақтөбе филиалының басшылары аталған мәселелер бойынша баяндама жасап, еңбек заңнамасының сақталуы, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы, еңбекақының уақытылы төленуі және өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, еңбек ұжымдарымен өзара тиімді диалог орнату және еңбек дауларының алдын алу шараларының маңыздылығы атап өтілді.
Жиында көтерілген барлық мәселелер тиісті мемлекеттік органдардың бақылауына алынып, олар бойынша жүйелі әрі жоспарлы жұмыс жүргізілетіні айтылды.