
Ақтөбе облысында мемлекеттік қолдауға мұқтаж отбасыларды проактивті анықтау, өмірлік қиын жағдайға душар болу тәуекелінің алдын алу және оларды қиын жағдайдан шығару мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Осы бағытта Ақтөбе қаласының Астана және Алматы аудандарында, сондай-ақ облыстың 12 ауданында барлығы 13 Отбасын қолдау орталығы ашылып, тұрақты түрде қызмет атқаруда.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) ерте кезеңде анықтау және жедел қолдау көрсету үшін Ақтөбе қаласы мен аудандарда мобильдік топтар құрылған. Олар жергілікті деңгейде мониторинг жүргізіп, азаматтардың әлеуметтік мәселелерін уақтылы анықтауға және қажетті қолдау шараларын ұйымдастыруға ықпал етеді.
Отбасын қолдау орталықтары арқылы заңгерлік және психологиялық көмек көрсету, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, әлеуметтік қолдау шараларын ұйымдастыру, сондай-ақ медиаторлардың кеңестері ұсынылады. Қызметтер әр отбасының нақты жағдайын ескере отырып, жеке тәсіл негізінде көрсетіледі.
Ақтөбе облысының қала және аудан тұрғындары Отбасын қолдау орталықтарына жүгіну арқылы қажетті қызметтерді қолжетімді түрде ала алады.