
Ақтөбе облысында Еңбек мобильділігі орталығы және оған қарасты облыс аудандары мен Ақтөбе қаласында орналасқан 13 мансап орталығы жұмыс істейді.
Олардың негізгі мақсаты – еңбек делдалдығын жүзеге асыру және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру.
Мансап орталықтары жұмыс іздеушілерге келесі қызмет түрлерін көрсетеді: жұмыс іздеуші және жұмыссыз ретінде тіркеу; әлеуметтік және кәсіби бағдар беру қызметтерін ұсыну; еңбек нарығына тұрақты кірігуін қамтамасыз ету үшін жеке жұмыспен қамту жоспарын қалыптастыра отырып, қолайлы жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу; қолайлы жұмыс болмаған жағдайда жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу үшін жолдамалар беру.
Сонымен қатар, мансап орталықтары жұмыс берушілерге мынадай қызметтер көрсетеді: біліктілік талаптарын ескере отырып персонал іріктеу; субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру мәселелері бойынша кеңес беру; жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша субсидияланатын жұмыс орындарын және кәсіби оқытуды ұйымдастыру; жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыру.
Мансап орталықтары жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасында еңбек делдалдығын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты негізде бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізеді.
Ауыл тұрғындарының жұмыспен қамту саласындағы қызметтерге қолжетімділігін кеңейту мақсатында жылжымалы мансап орталықтары мен мобильді топтар ұйымдастырылған. Олардың қызметі ауыл тұрғындарына жұмыс іздеушілер мен жұмыссыздардың кепілдіктері, құқықтары мен міндеттері туралы кеңес беру, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу мүмкіндіктері мен шарттары жөнінде ақпараттандыруды қамтиды.
Мансап орталықтарының мекенжайлары мен байланыс деректері enbek.kz интернет-ресурсында орналастырылған.