
Бүгін облыстық мәслихат депутаты Шахан Жолдасбаевтың ұсынысымен орталықтың құрылыс барысымен танысу мақсатында облыстық мәслихаттың Бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Нұрлан Махамбетов, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Жандос Есенгулов, сондай-ақ мердігер ұйым өкілдері, техникалық қадағалау мамандары мен жоба авторлары қатысып, құрылыс барысын қарап, өзекті мәселелерді талқылады.
Қазіргі таңда нысанның құрылысы баяу жүріп жатыр. Осыған байланысты жұмыс барысы жан-жақты талқыланып, құрылыс сапасын арттыру және белгіленген мерзімде аяқтау үшін нақты тапсырмалар берілді. Келесі құрылыс кезеңінде атқарылатын жұмыстар мен нәтижелер 1-тоқсанның соңында қайта қаралатын болады.
Оңалту орталығы заманауи талаптарға толық сай жабдықталатын болады. Мұнда емдеу кабинеттері, бассейн, арт-терапия және релаксация бөлмелері, тұзды шахта, кітапхана және өзге де әлеуметтік-медициналық қызметтер көрсетіледі. Қызмет алушылар стационарлық негізде 1 айдан 6 айға дейін оңалту курсынан өте алады. Сонымен қатар, орталықта І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға кешенді медициналық-әлеуметтік көмек көрсету көзделген.
Нысанды пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған.