
Ақтөбе облысында «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында оқуын аяқтаған жас мамандар алғашқы еңбек тәжірибесін алуда. Бағдарлама 35 жасқа дейінгі, оқу бітіргеніне 5 жыл толмаған жұмыссыз түлектерге арналған. Практика мерзімі – 12 айға дейін, айлық жалақысы – кемінде 30 АЕК.
2025 жылдың соңына дейін өңірде 2146 жас маман бағдарламаға қатыстырылуы жоспарланған.
Бүгінде жұмысшы мамандық иелері тәжірибесін шыңдап келеді. Соның бірі – 2024 жылы Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар колледжін «парихмахер-стилист» мамандығы бойынша бітірген Индира Жұбанова. Ол 2025 жылдың ақпан айынан бастап Ақтөбе қаласының Мансап орталығы жолдамасымен «BASQA Barbershop» салонында жастар практикасынан өтуде. Қосымша курстар арқылы шеберлігін дамытып, болашақта осы бағытта кәсіби өсуге ниетті.
Сондай-ақ, 2024 жылы Ақтөбе техника-технологиялық колледжін «кондитер-технолог» мамандығы бойынша тәмамдаған Бибінұр Қартбаева бүгінде Еуропа жоғары экономика, бизнес және заң колледжінің асханасында аспаз болып еңбек етуде. Ол өндірістік ортада тәжірибесін арттырып, кәсіби дағдыларын жетілдіруде.
Ақтөбе облысында жастар практикасы жас мамандарға алғашқы еңбек тәжірибесін беріп, жұмысшы мамандықтарда кәсіби қалыптасуына нақты мүмкіндік ұсынып отыр. Индира мен Бибінұр секілді түлектер бағдарлама арқылы өз саласында тәжірибе жинап, болашақ кәсібіне сенімді қадам жасауда.