
Ақтөбе облысында әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың жаңа бизнес-жобаларын қолдау мақсатында мемлекеттік гранттар табысты жүзеге асырылып келеді.Айлық есептік көрсеткіштің 400 есесіне тең қайтарымсыз гранттар жаңа кәсіп ашуға немесе қолданыстағы бизнесті дамытуға бағытталған. Бұл қаражат тек құрал-жабдық, инвентарь, жануарлар, тұқым, сондай-ақ ғимаратты жалға алу сияқты нақты бизнес қажеттіліктеріне жұмсалады. Бағдарламаға жұмыссыз азаматтар мен қызметі 3 жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Сонымен қатар үміткерлер көпбалалы, аз қамтылған, мүгедек және өзге де әлеуметтік осал топтардың қатарына жатуы және «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінен сертификат алуы тиіс.
Қазіргі таңда облыста 567 адам грант алып, өздерінің бизнес-жобаларын табысты жүзеге асырып жатыр. Соның бірі – 2025 жылдың бірінші легінің қатысушысы Саламат Сламов. Ол бағдарламаға көпбалалы отбасы санатымен қатысқан. Қалау торын өндіру саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар кәсіпкердің өнімі Ақтөбе, Атырау, Орал және Қызылорда қалаларында жоғары сұранысқа ие. Грант қаражатына тор кесуге арналған жаңа құрал-жабдық сатып алып, болашақта өндіріс көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.
Тағы бір табысты мысал – Казгулова Айман. Көпбалалы ана санатымен бағдарламаға қатысқан ол «Ақтөбе жаймасы» брендімен жайма өндіру ісін бастады. Грант қаражатына мұздатқыш, дегидратор және басқа да қажетті құралдарды сатып алып, алғаш рет қолға алған ісін табысты жалғастырып келеді. Қазіргі таңда оның өнімдеріне сұраныс күн сайын артуда.
2025 жылдың бірінші легіне қатысқан көпбалалы ана Койшибаева Гульнур сублимациялық қызмет көрсету жобасын сәтті іске асырып отыр. Ол грант арқылы түрлі-түсті принтер, сублимациялық плоттер, термопресс, переплет және басқа да құрал-жабдықтар сатып алып, гипстан жасалатын бұйымдар, көрнекіліктер, блокноттар дайындаумен және киім тігу ісімен айналысуда.
Гранттық қолдау азаматтардың өз ісін ашуына мүмкіндік беріп, кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп, өңірде жаңа бизнес жобалардың көбеюіне және экономикалық белсенділіктің артуына ықпал етіп отыр.