Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде Жұмыспен қамту жол картасының орындалу барысы қаралды.

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде Жұмыспен қамту жол картасының орындалу барысы қаралды.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, бірқатар бағдарламалар бойынша жоспар айтарлықтай артығымен орындалған. Ұлттық жобалар арқылы 3 469 жұмыс орны ашылып, жоспар 110 пайызға жетті. Президенттің «10 мың халыққа – 100 жұмыс орны» бастамасы аясында 16 436 жұмыс орны құрылып, жоспар 132 пайызға орындалды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 318 жас маман ауылдарға жолданып, жоспар 276 пайыз болды. Жаңа бизнес-идеяларға 567 мемлекеттік грант берілді.

🏘️ Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 601 жұмыс орны ашылып, жоспар 93 пайызға орындалды. Жыл басынан бері «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» және басқа да әлеуметтік жобалар арқылы 12 мыңға жуық тұрғын жұмысқа орналасты.

Алайда кейбір аудандарда көрсеткіштер инвестиция жетіспеушілігі мен инфрақұрылымдық жобалардың аздығына байланысты төмен қалған. Жауапты аудан және қала әкімдерінің орынбасарларына сөгіс жарияланды.

🔺 2026 жылдан бастап субсидияланатын жұмыс орындарын бөлу тәртібіне өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Жұмыс берушілер жалпы қызметкерлер санының 10 пайызы көлемінде субсидия ала алады. ҮЕҰ мен әлеуметтік кәсіпкерлер үшін мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған лимит 100 және 50 пайыз болып белгіленеді. Бюджеттік ұйымдар субсидияны тек «Жастар тәжірибесі» жобасы арқылы пайдаланады.

📌 Осыған байланысты өңір басшысы аудан әкімдеріне баламалы жұмыс орындарын құру бойынша алдын ала шаралар қабылдауды тапсырды.

«Біз жұмыссыз қалу қаупі бар әрбір адам туралы алдын ала ойлануымыз керек. Аудан әкімдері жаңа жұмыс орындарын белсенді түрде құрып, инвесторларды тартып, өз жобаларын іске қосуы тиіс. Біздің басты мақсатымыз – еңбек нарығындағы тұрақтылықты сақтау және халыққа лайықты жұмыс мүмкіндігін беру», – деді Асхат Шахаров.