Әлеуметтік қорғау мейірімнен басталады

Әлеуметтік қорғау мейірімнен басталады

Қазан айының соңғы жексенбісі — Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні. Осы атаулы күн қарсаңында біз облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваменәлеуметтік саладағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы сұхбаттасқан едік…

— Қазан айының соңғы жексенбісі әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні жақындап қалды.Жалпы, осы мамандықтың қоғамдағы рөлі туралы айтып бересіз бе?
— Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні — күн сайын өмірдің қиын сәтінде көмек пен қолдауға зәру жандарға үміт нұрын сыйлап, күрделі де жауапты қызмет атқарып жүрген сала мамандарына деген құрметтің ерекше көрінісі.
Әлеуметтік қорғау саласы — ең алдымен адам тағдырымен тікелей байланысты жұмыс. Бұл жүйенің қызметкерлері өмірдің ауыр кезеңін бастан өткеріп жүрген қарттарға, мүгедектігі бар жандарға, көпбалалы отбасылар мен қамқорсыз қалған балаларға қолдау көрсетеді. Көп жағдайда бұл — жай ғана қызметтік міндет емес, адамдарға қызмет ету, оларды тыңдай білу, демеу болу және үміт сыйлау.Кейде жүректен шыққан бір жылы сөз адамға қанат бітірер күшке айналуы мүмкін. Сондықтанәлеуметтік қызметкер болу —  жүрекпен қызмет ету деген сөз. Басшы ретінде тиімді көмек жүйесін құру ғана емес, сондай-ақ сол жүйенің негізін қалаушы мамандарды —  үлкен жүректі, берік ұстанымы бар нағыз кәсіби мамандарды қолдау да аса маңызды. Өйткені олардың қызметі терең түсінік пен адам жанының күйін сезіне білуді, сондай-ақ зор ішкі төзімді талап етеді. Біздің міндетіміз — мемлекетіміздің әлеуметтік саясатын жүзеге асыру арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға үлес қосу.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттер мен шешімдер» атты Жолдауында әлеуметтік қызметті цифрландырудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Осы ретте өңірдегі әлеуметтік қорғау жүйесінде қандай цифрлық шешімдер мен жаңашыл жобалар жүзеге асырылып жатыр?

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында әлеуметтік қолдау шараларын жүйелеу, оның тиімділігі мен әділеттілігін арттыру үшін цифрлық трансформацияны жеделдету қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Ақтөбе облысында да әлеуметтік салада бірқатар нақты іс-шара жүргізіліп жатыр.

Ең алдымен, мемлекеттік қолдау шараларын мұқтаждық деңгейіне қарай көрсету мақсатында отбасыларды әл-ауқатына қарай 6 деңгейге бөлуге негізделген скорингтік жүйе енгізу жоспарланып отыр. Бұл әдіс әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттауға мүмкіндік береді. 1-деңгейден (өте қажеттілік) 5-деңгейге дейінгі отбасылар мемлекеттік қолдауға ие болады, ал 6-деңгей — жоғары әл-ауқаттылар үшін көмек қарастырылмайды.

Осыған орай Үкімет бірқатар нормативтік құжатқа өзгеріс енгізуді қолға алды.Сонымен қатар FSM «Social» мобильдік қосымшасы арқылы  қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтап, оларға уақтылы және нақты көмек көрсету жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл цифрлық құрал — әлеуметтік қызметкерлер, еріктілер және мемлекеттік органдар үшін отбасының жағдайын нақты бағалауға және қажетті көмек түрін дер кезінде тағайындауға арналған.

Бүгінде облыс бойынша жұмыс істейтін 13 отбасын қолдау орталығы арқылы

12764 отбасы мүшесіне түрлі бағыттағы әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетілді. Сонымен бірге осы қосымша арқылы полиция, пробация қызметі, патронаж медбикелер және басқа да құрылымдар бірлесіп, әлеуметтік тәуекелге ұшыраған отбасыларға жедел көмек ұсыну тетіктері құрылып жатыр.

Жалпы бұл бастама — Президент Жолдауындағы цифрландыру талаптарын орындауға бағытталған нақты және нәтижелі қадамдар.

Облыстағы әлеуметтік қорғау жүйесінің негізгі бағыттары қандай? Әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға, мүгедектігі бар адамдар мен қарттарға арналған қандай жаңа бағдарламалар мен қолдау тетіктері іске асырылып жатыр?

— Облыстағы әлеуметтік қорғау жүйесінің басты міндеті — халықтың осал топтарына қолдау көрсету, оларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және мемлекеттік әлеуметтік кепілдіктерді жүзеге асыру.Мәселен, осы жылдың 9 айында облыста 41515 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. 111 рет бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 1 280 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Облыста 2655 аз қамтылған отбасына1 155,8 миллион теңге  атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 126 отбасына тұрғын үй көмегі ретінде 2,7 млн теңге, ал 33 518 тұрғынға түрлі санаттар бойынша біржолғы әлеуметтік көмек ретінде 3 104,4 миллион теңге төленді.

Мүгедектігі бар адамдарға жеке оңалту бағдарламасына сәйкес протездік-ортопедиялық құралдар, сурдо-тифлотехника, гигиена құралдары, санаторлық емдеу, жеке көмекші мен ым тілі мамандарының қызметі көрсетіледі.

Қазіргі таңда облыс аумағында 203 арнайы қызмет көрсету аймағы жұмыс істейді. «Инватакси» қызметін көрсететін 121 автокөлік бар, оны мүгедектігі бар 1314 адам пайдаланды.

2023-2027 жылдары1315 нысанды мүгедектігі бар адамдар үшін бейімдеу жоспарланған, соның 907-сі бейімделіп үлгерді.1131 мүгедектігі бар тұрғын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.

Сонымен қатар өңірде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 6 орталық жұмыс істейді. Олар: №1 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы — қарттар мен мүгедектерге арналған интернат, №2 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы —жүйке аурулары бар адамдарға арналған интернат-үйі, №3 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы — 18 жасқа дейінгі жүйке аурулары бар балаларға арналған интернат-үй, «Қамқорлық» менталды бұзылыстары бар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы, қиын жағдайға тап болған тұрғындарды қайта әлеуметтендіру орталығы, Ақтөбе қаласының тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталығы. Бұл мекемелердің барлығы әлеуметтік қорғауға мұқтаж жандарға кәсіби көмек пен жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған.

Үйде қызмет көрсету бөлімшелері арқылы 308 бала мен 1776 жалғызілікті қарт пен мүгедекке көмек көрсетіледі. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет ұсынылады.Облыста егде жастағы азаматтардың белсенді өмір сүруіне мүмкіндік беретін 22 «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы жұмыс істейді.
Сонымен қатар жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қандастар мен босқындарға қатысты мәселелерді де үйлестіреді. Биыл 73 этникалық қазаққа қандас мәртебесі берілді.
Басқарма әлеуметтік әріптестікті дамытуға және еңбек қатынастарын реттеуге де үлес қосады, осы бағытта үшжақты комиссияның 115 отырысы өткізілді. Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы аясында жұмыс жүргізіледі.

Облыста жұмыссыз тұрғындарды жұмыспен қамту жағы қалай ұйымдастырылған?

— Өңірде жұмыспен қамту мен жұмыссыздықты азайтуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып келеді. Биылғы тоғыз айда 41 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде ұлттық жобалар аясында 3 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға — 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде 12715 адамжеке кәсіпкерлік субъектілеріне еңбекке тартылды. Сондай-ақ 13 227 адам бос жұмыс орындары арқылы жұмыс тапты, ал «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы аясында ауылдық жерлерге 300-ге жуық жас маманжұмысқа жолданды.

Сонымен қатар әртүрлі санаттағы тұрғындарға арналған арнайы жобалар да бар. Мәселен, «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасы еңбек өтілі аз адамдарға уақытша жұмыс табуға мүмкіндік беріп, оған мыңға жуық адам қатысты. «Жастар практикасы» арқылы екі мыңға жуық жас маман тәжірибеден өтті. Ал қоғамдық жұмысқа 4 жарым мыңнан астам адам тартылған.

Ересек буын мен жастарға арналған бағдарламалар да сәтті жүзеге асып жатыр.

«Күміс жас» жобасына елуден асқан 225 жұмыссыз,«Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 77 жас маман қатысып,  жұмысқа орналасқан. «Алғашқы жұмыс орны»жобасы 120 жас маманға алғашқы еңбек тәжірибесін жинауға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар өз ісін бастағысы келетіндерге де қолдау көрсетіледі. 567 адамға мемлекеттік қайтарымсыз грант берілді, 540 адам қысқа мерзімді оқыту курсында оқып, жаңа кәсіп меңгерді, ал «Бастау Бизнес» жобасы аясында 7 мыңнан астам адам білім алып, сертификатқа ие болды.

Осы шаралардың барлығы жұмыс орындарын ашуды ғана емес, сонымен қатар кәсіби дағдыларды дамытуды, жастар мен егде жастағыларды қолдауды және халықты кәсіпкерлікке тарту секілді мақсаттарды көздейді.

Әлеуметтік қызметкерлердің күнделікті жұмысы қандай қиындықтар мен жауапкершілікті талап етеді?

— Әлеуметтік қызметкердің күнделікті жұмысы— тек құжат толтыру мен есеп жүргізу емес. Бұл — адам тағдырына  байланысты, яғни олардың өміріндегі ең қиын сәтте қолдау көрсетуді қажет ететін жауапты жұмыс.

Әрбір жағдай — өзінше ерекше, сондықтан мұндай істе ұқыптылықпен қатар, әр адамға жеке көзқарас, шынайы түсіністік пен жанашырлық қажет.Сол себепті бұл мамандық иелеріне кәсіби біліммен қатар, өзгені тыңдай білу қабілеті, сабыр мен төзімаса маңызды.

Қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға қандай жағдай жасалған?

Әрбір қызметкердің кәсіби деңгейін арттыру мақсатындажыл сайын біліктілікті арттыру курстары, психологиялық тренингтермен тәжірибелік семинарларұйымдастырылады. Сонымен қатаркәсіби мереке қарсаңында үздік мамандарсалалық марапатқа, Алғыс хатқаұсынылады. Біздің салада өз ісіне адал, тәжірибелі әрі жанашыр мамандар көп. Олар —  әлеуметтік қызметтің басты құндылығы.

Сіз басқарып отырған әлеуметтік қорғау саласындағы үздік қызметкерлер туралы айтып бере аласыз ба?

Өңірдің әлеуметтік қорғау жүйесінде 2 мыңнан астам маман еңбек етеді. Әрине, бір сұхбат аясында осы салада аянбай еңбек етіп жүрген барлық кәсіби әрі жанашыр мамандар туралы толық айтып шығу мүмкін емес.Дегенмен нақты мысал келтіргім келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері» және «Үздік әлеуметтік жоба» байқауы ұйымдастырылды.Ашық онлайн дауыс беру нәтижесі бойынша Жайнагүл Төлебаева — «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының үздік әлеуметтік қызметкері», Орынгүл Әбішева — «Үйде күтім көрсету ұйымының үздік әлеуметтік қызметкері», Гүлнар Әзбергенова — «Үздік мемлекеттік әлеуметтік инспектор», Еламан Смағұл — «Үздік әлеуметтік педагог»,

Жадыра Кенжебаева — «Еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығы) үздік қызметкері» номинациялары бойынша жеңімпаз атанды. Сондай-ақ «Шалқар Саясы» мүгедектерді қолдау қоғамдық бірлестігінің төрағасы ЕрланАлдашевтің жобасы— «Үздік әлеуметтік жоба»деп танылды. Бұл марапаттар — жоғары кәсібилік, өз ісіне адалдық пен адамдарға деген шынайы жанашырлықтың айқын көрсеткіші.Біз әріптестерімізді мақтан тұтамыз және әлеуметтік саланың дамуына қосқан зор үлесі үшін алғыс айтамыз.

Келер жылға қандай міндеттер мен жобалар жоспарланған?

Келер жылға бірқатар маңызды міндет пен жоба жоспарланған. «Қазақстан халқына» қоры мен «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қолдауымен Темір ауданындағы бұрынғы аурухананың базасында 130 орындық «Ainala» оңалту орталығы ашылады. Мұнда менталды және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға көмек көрсетіледі. Қазіргі уақытта ғимаратқа жөндеу жүргізу мақсатында жобалау-сметалық құжаттар жасақталып, ағымдағы жөндеу  жүргізіліп жатыр. Ғимарат жыл соңына дейін жөнделіп болады. Орталықтың ашылуы Алға, Байғанин, Қобда, Мұғалжар, Темір және Ойыл аудандарының балаларын қамтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Есет батыр тұрғын ауданында 150 орындық заманауи оңалту орталығының құрылысы жүріп жатыр. Оның 40 орны мүгедек арбасында отыратын адамдарға арнайы бөлінген. Орталықта 46 адамға арналған бассейн, спортзалы, 150 орындық акт залы, асхана, медицинажәне оңалту кабинеттері, жатын бөлмелер қарастырылған. Нысан 2026 жылы пайдалануға берілмек.Бұл орталық — мүгедектігі бар адамдарға қолдау көрсететін және олардың әлеуметтік бейімделуіне бағытталған маңызды әлеуметтік нысан болмақ.

Сонымен қатар алдағы жылы біз әлеуметтік қолдау шараларын толық цифрландыруды, арнайы әлеуметтік қызметтерді кеңейтуді, жаңа оңалту бағдарламаларын енгізуді және әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеуді жоспарлап отырмыз.

Мерекеде әріптестеріңізге қандай тілегіңіз бар?

— Құрметті әріптестер! Сіздердің еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық. Сіздер күн сайын адам тағдырына бейжай қарамай, қиын сәтте үміт отын жақтыңыздар. Осындай жауапты да сауапты істе төзім мен мейірім танытып жүрген баршаңызға шынайы алғыс білдіремін.Әріптестік бірлігіміз арта берсін, отбасыларыңыз берекелі, еңбектеріңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ. "АҚТӨБЕ" ГАЗЕТІ