Жүрегінде жылуы бар жандар

Жүрегінде жылуы бар жандар

Қазан айының соңғы жексенбісінде Қазақстанда Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні аталып өтеді. Бұл – өз өмірін өзгелерге көмек көрсетуге арнаған, мейірім мен жан жылуын сыйлайтын жандардың мерекесі. Олар үшін жұмыс – жай ғана міндет емес, жүрек қалауы мен адамгершілік борыш.

Ақтөбе облысында бүгінде екі мыңнан астам әлеуметтік қызметкер еңбек етеді. Олар мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғызбасты қарттарға және өмірдің қиын сәттеріне тап болған адамдарға көмек көрсетеді. Солардың қатарында өз ісіне адал, мейірімді мамандар — тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған Ақтөбе қалалық дағдарыс орталығының қызметкерлері Даража Жұмағалиева мен Бибігүл Юсупова бар.

Даража Жұмағалиева — 35 жылдан астам еңбек өтілі бар тәжірибелі маман. Соңғы үш жылда ол орталықта мәдени ұйымдастырушы болып жұмыс істейді. Даражаның шексіз энергиясы мен жылы сөзі қиындық көрген жандардың өмірге қайта сенуіне себеп болып жүр. Тек биылдың өзінде ол 52 түрлі іс-шара ұйымдастырған: медиаторлармен кездесулер, спорттық және зияткерлік ойындар, мәдени кештер мен мерекелік бағдарламалар.

Бибігүл Юсупова — 13 жылдық еңбек өтілі бар мейірбике, соңғы үш жыл бойы осы орталықта аға медбике болып қызмет етеді. Ол орталыққа келген әйелдер мен балалардың алғашқы медициналық тексеруін жүргізіп, олардың саулығына ерекше мән береді. Оның мейірімді қолы мен жанашыр көңілі көптеген адамның қайтадан өмірге құштарлығын оятқан.

Дағдарыс орталығы өз жұмысын 2022 жылдың 8 желтоқсанында бастаған. Мұнда 50 адамға арналған орын бар, қазіргі таңда 23 адам көмек алуда. Барлығы 37 білікті маман күн сайын олардың қауіпсіздігі мен өмірін жақсартуға атсалысады.

Әлеуметтік сала қызметкерлері — алғысты күтпей, жақсылықты жүрек қалауымен жасайтын жандар. Олар үшін ең үлкен марапат — көмегін көрген адамның жүзіндегі жылулық пен үміт сәулесі. Осындай мейірімді мамандардың арқасында әлем нұрланып, өмірдің ең қиын сәтінде де адамдардың жүрегінде үміт оты қайта жануда.