Жұмыссыздықтан – кәсіби мамандыққа: Ақтөбеде қысқа мерзімді оқыту мүмкіндігі артып келеді

Жұмыссыздықтан – кәсіби мамандыққа: Ақтөбеде қысқа мерзімді оқыту мүмкіндігі артып келеді

Ақтөбе облысында жұмыссыз азаматтарды қолдау және сұранысқа ие мамандықтар бойынша еңбек нарығын қамтамасыз ету мақсатында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламалары қарқынды жүзеге асырылуда. Бұл бастама Қазақстан Республикасының 2024–2029 жылдарға арналған Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы аясында қолға алынған.

2025 жылдың өзінде өңір бойынша 540 адам осындай курстарға қатысуға жолданған. Қатысушылар тігінші, кондитер, аспаз, сантехник, шаштараз-стилист, тракторшы-машинист сынды түрлі мамандықтар бойынша білім алуда. Қазіргі таңда 324 адам оқуын сәтті аяқтап, еңбек нарығына қосылуға дайын.

Курс  түлектері жаңа кәсібі бойынша жұмысқа орналасып, еңбек жолын бастап кетті. Мысалы, "Байжанова" оқу орталығында кондитерлік курсты тәмамдағандар бүгінде "ARUKA Cakes" цехында еңбек етуде. Ал "Мариям" оқу орталығының шаштараз-стилист түлектері жеке кәсіпкер «Мұхамеджанова» басқаратын сұлулық салонында жұмыс істеуде.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқытудың басты мақсаты — нақты нарықтық сұранысқа сай кадрларды даярлау және азаматтарды тұрақты табыспен қамту. Оқу бағдарламалары жұмыс берушілермен тығыз ынтымақтастықта әзірленіп, солардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Бұл бағдарлама — білім алуға ғана емес, жаңа өмірлік жолға, сенімді болашаққа бастар нақты қадам.