Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» атты аудандық жастар форумы-фестивалі өтті. Іс-шара Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылды. Форумға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, аудан әкімі Дархан Ермағанбетов, сондай-ақ, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тауанов қатысты.
Форум аясында аудандық Мансап орталығының қолдауымен ірі кәсіпорындар мен ұйымдардың қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге 20 мекеме қатысып, 70 бос жұмыс орнын ұсынды. Шараға жалпы 129 адам қатысып, олардың 28-іне жұмысқа жолдама берілді.
Бүгінгі таңда ауданда жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары. Атап айтқанда, электрик, технологиялық насостар машинисі, слесарь КИПиА, электрогазбен дәнекерлеуші-врезчик, тепловоз машинисі сынды техникалық бағыттағы мамандықтармен қатар, тарих пәні мұғалімі мен акушер-гинеколог сияқты білім және денсаулық сақтау саласындағы мамандарға да қажеттілік бар.
Сонымен қатар, форум барысында қайтарымсыз грант иегерлері өздерінің алғашқы өнімдерін ұсынып, кәсіпкерлік бастамаларын көпшілікке таныстырды.
Сондай-ақ, іссапар аясында форум қатысушылары Отбасын қолдау орталығы мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барып, аталған мекемелердің қызметімен танысты, даму перспективаларын талқылап, ұжымдармен және аға буын өкілдерімен кездесті.