Мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін санаторлық-курорттық қызметтер туралы көшпелі отырыс

Мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін санаторлық-курорттық қызметтер туралы көшпелі отырыс

Мәртөк ауданы, Қазан ауылындағы «Зәру» пантоемдеу шипажайында Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Уразбаеваның төрағалығымен мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін санаторлық-курорттық қызметтер туралы көшпелі отырыс өтті.

Отырысқа облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Алмас Жантикенов, қала және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ аудандық мүгедектер қоғамының төрағалары қатысты.

Жиын барысында басқарма басшысы Ақтөбе облысы бойынша мүгедектігі бар адамдармен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін санаторлық-курорттық қызметтердің сапасын арттыру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.

Бүгінгі күні облыс бойынша 31 371 мүгедектігі бар адам тіркелген, оның ішінде 5 631-і – мүгедектігі бар балалар. «Әлеумет» порталы арқылы 7 шипажайдың қызметі ұсынылуда. Олар: «Қуаныш», «Адал Ниет Ақтөбе», «Зәру», «ЮКОН», «Алғабас А», «Шипалы-Аяла», «Fito Medical» шипажайлары.

2025 жылдың 1 қазанына дейін осы шипажайлар арқылы 1 546 адам ем қабылдады. Сонымен қатар, республиканың өзге өңірлеріндегі шипажайларда қосымша 3 033 адам санаторлық ем алған. Нәтижесінде, облыс бойынша барлығы 4 579 мүгедектігі бар адам санаторлық-курорттық еммен қамтылды. Бұл – қажеттіліктің 64%-ын қамту көрсеткіші (қажет ететіндер саны – 7 204 адам).

Отырыс қорытындысы бойынша мүгедектігі бар адамдарды санаторлық-курорттық қызметтермен қамту деңгейін арттыру, көрсетілетін қызметтердің сапасын жетілдіру және азаматтарды ақпараттандыру бойынша кешенді жұмыстарды жалғастыру тапсырылды.