ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылға арналған субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін жұмыс берушілерден өтінім қабылдау мерзімінің өзгергенін хабарлайды. Жаңа өтінім беру мерзімі: 2025 жылғы 1 қарашадан бастап 31 желтоқсанға дейін.
Өтінімдер электрондық форматта «Электрондық еңбек биржасы» (Enbek.kz) цифрлық платформасы арқылы қабылданады.
Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінімдер келесі талаптарға сәйкес келетін жұмыс берушілерден қабылданады:
1. әрекет етуші заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер мәртебесінің болуы;
2. субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінім берген күнге дейін 12 айдан астам уақыт бойы қызметті жүзеге асыруы;
3. өтінім берген кезде жалақы бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы;
4. субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінім бергенге дейінгі соңғы 12 ай ішінде әлеуметтік төлемдердің тұрақты түрде жүргізілуі;
5. сенімсіз салық төлеушілер тізімінде болмауы;
6. еңбек мобильділігі орталығымен бұрын жасалған субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру туралы шарттар бойынша міндеттемелердің толық орындалуы;
7. ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес кәсіптік оқытуды ұйымдастыруға қатыспауы;
8. банкроттық немесе жою рәсімінің болмауы;
9. арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар тізілімінде болмауы;
10. ағымдағы қаржы жылының ішінде бюджет қаражаты есебінен жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар мен (немесе) микрокредиттер алмаған болуы тиіс (әлеуметтік жұмыс орындарын және/немесе «Күміс жас» жобасын ұйымдастыруға өтінім берген жұмыс берушілерді қоспағанда);
11. инфрақұрылымдық жобалар бойынша мемлекеттік сатып алулар шеңберінде қызметтер көрсетпеуі немесе жұмыстар орындамауы;
12. мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырмауы (жастар практикасын ұйымдастыруға өтінім берген жұмыс берушілерді қоспағанда);
13. тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде медициналық көмек көрсетпеуі (жастар практикасын ұйымдастыруға өтінім берген жұмыс берушілерді қоспағанда);
14. өткен күнтізбелік жылы өзінде субсидияланатын жұмыс орындарында еңбек қызметін аяқтаған жұмыссыздардың кемінде 10%-ын (өтінім берген кезде) жұмысқа орналастырған болуы тиіс (әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінім берген жұмыс берушілерді қоспағанда);
15. терроризм мен экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалар тізімінде болмауы;
16. жалған кәсіпкерлікпен айналысқан салық төлеушілер тізімінде болмауы тиіс.
Жұмыс берушілерден өтінім қабылдау жұмысшылардың тізімдік санының 10%-ынан аспайтын шекте жүргізіледі.
Қосымша сұрақтар бойынша ұйымыңыз орналасқан жердегі мансап орталықтарына жүгінуіңізге болады: https: https://www.enbek.kz/ru/zaniatost/czn-contacts.