Ақтөбе облысында Еңбек күніне орай және жұмысшы мамандықтар жылын насихаттау мақсатында «Еңбек. Қоғам. Бірлік» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен мемлекеттік қолдауға ие болған азаматтардың өнімдер көрмесі ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – облыс тұрғындарының жұмыспен қамтылуына ықпал ету, сондай-ақ жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға мемлекеттік қолдау тетіктерін таныстыра отырып, оларды тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналастыруға мүмкіндік беру. Сонымен қатар, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтарға бағыт-бағдар көрсету арқылы өз ісін бастауына қолдау білдіру көзделді.
Жәрмеңкеге өңірдегі 60-тан астам жұмыс беруші ұйым мен кәсіпорын қатысып, түрлі сала бойынша 300-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Сонымен қатар, мемлекеттік қайтарымсыз грант иегері атанған 50 кәсіпкер өз өнімдерін арнайы көрмеде ұсынды. Олардың қатарында наубайхана және кондитерлік өнімдер, жартылай фабрикаттар, бау-бақша шаруашылығы өнімдері, мал және құс шаруашылығы тауарлары, тігін бұйымдары мен қолөнер туындылары бар.
Іс-шараға жұмыссыз азаматтармен қатар, жұмыс іздеуші жастар, пробация қызметінде есепте тұрғандар, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтар қатысты.
Қазіргі таңда www.enbek.kz электронды еңбек биржасында Ақтөбе облысы бойынша 2 200 астам бос жұмыс орны ашық түрде жарияланған. Бұл көрсеткіш өңір тұрғындарының еңбек нарығындағы белсенділігін арттырып, жұмыспен қамтылу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етуде.
Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер мен мемлекеттік қолдаудың көмегімен өз кәсібін бастаған белсенді азаматтарға алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар, қатысушыларға мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кең көлемде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мұндай шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.