2025 жылғы 14 мамырдағы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Көшербаевтың тапсырмасына сәйкес, Хромтау ауданында әлеуметтік қолдау шараларын цифрландыру және өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға кешенді көмек көрсету мақсатында оқыту семинары өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жергілікті жерлердегі мамандардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтар мен отбасыларға жедел әрекет етуге арналған FSM Social мобильді қосымшасын сынақтан өткізу және енгізу.
Семинар барысында өмірлік қиын жағдайдағы азаматтармен жұмыс істеуге арналған жеке жұмыс жоспарларын әзірлеу тәжірибелік түрде пысықталып, FSM Social платформасының функционалы пилоттық режимде тестіленді. Сонымен қатар, Отбасын қолдау орталығының мамандары мен аудандық мобильді топтардың мүшелеріне арналған оқыту ұйымдастырылды.
Іс-шарада ведомствоаралық өзара іс-қимыл, азаматтар өтініштерімен жұмыс алгоритмі, көрсетілген қызметтерді мониторингілеу, сондай-ақ қауіп тобындағы отбасыларды уақтылы анықтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Семинарға Ақтөбе облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Уразбаева, Хромтау ауданы прокурорының орынбасары Мақсат Суюнгарин, Хромтау ауданы әкімінің орынбасары Сәндібек Жаконов, сондай-ақ әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау және жұмыспен қамту салаларының өкілдері қатысты.
Қатысушыларға әдістемелік және практикалық қолдау көрсетіліп, әлеуметтік саладағы цифрлық құралдарды тиімді пайдалану бойынша оқыту материалдары мен презентациялар ұсынылды.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар FSM Social платформасын мобильді топтардың күнделікті жұмысына енгізудің маңыздылығын атап өтіп, халықты әлеуметтік қолдау саласына заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге дайын екендіктерін білдірді.