Ақтөбе облысында жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары табысты жүзеге асырылуда

Ақтөбе облысында жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары табысты жүзеге асырылуда

Ақтөбе облысында халықты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар табысты іске асырылуда. Әсіресе, зейнеталды жастағы азаматтарды қоса алғанда, түрлі санаттағы тұрғындарды жұмыспен қамтуға бағытталған бастамаларға сұраныс жоғары. Бұл шаралар өңір халқының жұмыспен қамтылу деңгейін арттырып, әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына оң әсерін тигізуде.

Сол бағдарламалардың бірі — «Күміс жас» жобасы, ол 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтарды қолдауға бағытталған. Жобаға қатысушылар зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады. Бұл ретте олардың жалақысы жобаға қатысу кезеңінде мемлекет тарапынан субсидияланады. Қатысу мерзімі 36 айдан (3 жыл) аспайды.

Бағдарлама аяқталған соң, жұмыс беруші зейнет жасына жетпеген азаматты кемінде бір жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылдауға міндетті. Ал зейнеталды жастағы қатысушылар зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбек қызметін жалғастыра алады.

Бүгінде көптеген ақтөбеліктер бұл бағдарламаның артықшылықтарын нақты сезініп отыр. Мәселен, Мағрипа Қонақбаева мен Нұрлан Ахметов қазіргі уақытта жеке кәсіпкер Алтын Жаманкулованың шеберханасында тұрақты жұмыспен қамтылған. Мағрипа Қонақбаева тігінші мамандығы бойынша үш айдан бері жұмыс істеп жүр. Ол киім тігу, құрақ көрпе жасау сияқты жұмыстармен айналысады. Нұрлан Ахметов ағаштан бұйымдар жасап, лазерлік құрылғы арқылы ою-өрнек ойып, сәндік элементтер жасауды меңгеріп келеді.

«Күміс жас» жобасы аясында Ақтөбе облысында 1205 адамды жұмыспен қамту жоспарланған болса, қазіргі таңда 1224 азамат жобаға жолданды. Бұл көрсеткіш жобаның тиімділігі мен оған деген жоғары қызығушылықты білдіреді.

Мемлекеттік бағдарламалар туралы толық ақпаратты тұрғылықты жеріңіз бойынша орналасқан Мансап орталықтарынан алуға болады.