ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына келді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына келді
Сапар барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов Ақтөбе облысының Хромтау ауданында болып, бірқатар ірі өндірістік және энергетикалық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Вице-министр барған негізгі нысандардың бірі — жобалық қуаты 150 МВт болатын «Хромтау-1» жел электр станциясы. Бүгінгі таңда 110/35 кВ қосалқы станциясында іргетас жұмыстары аяқталып, 24 жел турбинасының барлығының іргетастары құйылып, тіректері орнатылған. Оның ішінде 11 турбина іске қосылды. Сондай-ақ, технологиялық автожолдардың құрылысы жүргізілуде, әкімшілік-тұрмыстық кешен, гараж, қойма және бақылау-өткізу пункті сияқты нысандардың құрылысы аяқталды. Аталған жобаны жүзеге асыру жыл сайын атмосфераға шығарылатын 500 мың тоннадан астам көмірқышқыл газының шығарындыларын болдырмауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Асқар Биахметов Хромтау қаласындағы Дон тау-кен байыту комбинатының қалдықтарын флотациялық байыту учаскесінің құрылысымен танысты. Жобаның жылдық қуаты — 285 600 тонна. Бұл жоба Қазақстан аумағында алғаш рет қолданылатын хром концентратын флотациялау технологиясымен ерекшеленеді. Жаңа технология минералдық шикізатты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Кәсіпорында қазіргі таңда 54 тұрақты жұмыс орны құрылды, болашақта жұмыс орындарын ұлғайту жоспарда бар.
Бұдан бөлек, вице-министр майлы дақылдарды қайта өңдейтін «Май өндіру зауытына» барып, жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорында 120 тұрақты жұмыс орны ашылған. Қазіргі уақытта зауыттың қуаттылығын тәулігіне 150 тоннадан 350 тоннаға дейін арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Кәсіпорынның кеңеюі ауыл шаруашылығы саласының жүктемесін арттырып, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және өңірдегі халықты жұмыспен қамтудың өсуіне септігін тигізеді.
Жұмыс сапары аясында Асқар Биахметов еңбек ұжымдарымен кездесіп, олардың ұсыныстары мен сұрақтарын тыңдады, жұмыс жағдайлары, жұмыспен қамту және еңбек құқықтарының сақталуы мәселелерін талқылады. Вице-министр сапалы жұмыс орындарын құру мен қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Ол министрлік бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыратынын, соның ішінде өңірлерде жұмыспен қамтуды арттыруға бағытталған инвестициялық жобаларды қолдау арқылы жүзеге асатынын жеткізді.