Ақтөбеде Жастар күніне орай бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Ақтөбеде Жастар күніне орай бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Бүгін Ақтөбеде Жастар күніне орай бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараны «Ақтөбе қалалық мансап орталығы» филиалы, «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалы және «Ақтөбе қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ бірлесіп ұйымдастырды.

Жәрмеңкенің мақсаты – жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу, өңір тұрғындарын нәтижелі әрі тұрақты жұмыспен қамту, сондай-ақ еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша бос жұмыс орындарына қолжетімділікті кеңейту.

Іс-шараға жұмыссыз азаматтар, жастар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, мүмкіндігі шектеулі жандар, борышкерлер, пробация қызметінің есебінде тұрғандар және басқа да жұмыс іздеушілер қатысты.

Жәрмеңкеге өндіріс және қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін 37 кәсіпорын мен ұйым қатысып, барлығы 248 бос жұмыс орнын ұсынды. Олардың қатарында: «Казхром» АҚ ТҰҚ,«Актюбинская медная компания» ЖШС,«Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ, «Казахстанский завод нефтяного оборудования» ЖШС,«№3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ, «KazFelTec» ЖШС, «Атамекен» студенттік еңбек жасақтарының жастар қоғамдық бірлестігі, Облыстық «Жасыл ел» штабы, «№83 жалпы орта білім беретін мектеп» КММ, «№59 жалпы орта білім беретін мектеп» КММ, «Ramazan Elevator» ЖШС және басқа да жұмыс берушілер.

Жәрмеңке барысында қатысушылар компания өкілдерімен тікелей кездесіп, ұсынылған бос жұмыс орындары, еңбек шарттары, әлеуметтік кепілдіктер, талаптар және қызмет ерекшеліктері туралы толық ақпарат алды. Сондай-ақ түйіндемелер қабылданып, бастапқы әңгімелесу рәсімдері өткізілді.