Темір ауданында ерекше балаларға арналған оңалту орталығы ашылады

Темір ауданында ерекше балаларға арналған оңалту орталығы ашылады

Аймақ басшысы Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік оңалту жұмыстары мен іске асырылып жатқан қолдаулар жайы талқыланды.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның ақпараты бойынша, өңірде 30 954 мүгедек адам тұрады. Оның ішінде – 5 532 бала. Халықтың бұл санатын әлеуметтік қолдау арнайы әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады. Онда техникалық құралдар мен қызметтердің 55 түрі бар. Жыл басынан бері портал арқылы 10 319 адам қызмет алды.

119 арнайы көлігі бар «Инватакси» қызметін 959 адам пайдаланып отыр. Сондай-ақ, 12 әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында 337 әлеуметтік қызметкер үйлерге барып көмек береді.

Қазіргі уақытта «Қазақстан халқына» қоры мен «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен Темір ауданында менталдық және қозғалыс кемістігі бар балаларға арналған жаңа орталық ашу жобасы іске асырылуда, оны биыл жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Ләззат Оразбаева кейбір шешілмей тұрған мәселелерді де сөз етті. Мысалы нейропсихиатриялық ауруға шалдыққан балаларға арналған №3 орталыққа қойма мен серуендеу аймағы қажет. Басқарма басшысы осы мақсатта М.Оспанов атындағы БҚМУ онкоорталығының бос тұрған ғимаратын мекеме қарамағына беруді ұсынды.

Жиын соңында облыс әкімі жұмыс істеп тұрған орталықты кеңейту және оны жөндеу, сондай-ақ инфрақұрылымдық мәселелерді шешуді тапсырды. Асхат Шахаров мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру басым бағыттардың қатарында екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасады.