
Облыс басшысы Асхат Шахаров су тасқынында көмектескен азаматтарға мемлекеттік наградаларды табыстады.
Ақтөбе облысында орын алған көктемгі су тасқынында бей-жай қарап қалмай, зардап шеккендерге қолғабыс білдірген жеке кәсіпкер, волонтер, құтқарушылардың кеудесіне медаль тағылды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ақтөбе облысының 11 тұрғыны мемлекеттік наградаға ие болды. Оның алтауы бүгін Ақордада өткен салтанатты рәсімге қатысып, Мемлекет басшысының қолынан марапаттарын алды.
Ал қалған бес азаматқа жоғары дәрежелі марапатты облыс әкімі Асхат Шахаров облыстық әкімдіктің мәжіліс залында өткен салтанатты марапаттау рәсімінде табыстады. Өңір басшысы төтенше жағдайда азаматтық белсенділік танытқандар – нағыз патриоттар деді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өміріне қауіп төнсе де, сын сағатында күндіз-түні аянбай еңбек етіп, өз қызметтерін адал атқарған әрбір жанға алғысын жеткізді.
Марапат алғандар қатарында Шалқар ауданының жеке кәсіпкері Бегімбет Рақыманов «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды.