Зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында алу кезінде жеке табыс салығын төлеу тәртібі туралы

Зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе)  емделуге ақы төлеу мақсатында алу кезінде жеке табыс салығын төлеу тәртібі туралы

Зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе)

емделуге ақы төлеу мақсатында алу кезінде жеке табыс салығын төлеу тәртібі туралы

 

           Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңға сәйкес, біржолғы зейнетақы төлемі – тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында салымшы (алушы) БЖЗҚ-дан алатын міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының сомасы.

           Зейнетақы жинақтары – салымшының (зейнетақы төлемдерін алушының) БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында есептелетін, зейнетақы жарналарын, инвестициялық кірісті, өсімпұлды және өзге де түсімдерді қамтитын ақшасы.

           Салымшының жеке зейнетақы шотына түскен кезде зейнетақы жарналарына жеке табыс салығы (ЖТС) салынбайды. Салық зейнетақы жинақтары төлемін алған кезде  салынады.

            Біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомаларына салық салу тәртібін айқындау мақсатында Салық кодексі «Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес біржолғы зейнетақы төлемінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және төлеу ерекшеліктері» көрсетілген 351-1-бабымен толықтырылды.

            Салық кодексіне сәйкес, БЖЗҚ салық агенті ретінде зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңға сәйкес есептелген біржолғы зейнетақы төлемін алушының және (немесе) уәкілетті оператордың банк шотына аударған кезде ЖТС есептейді. ЖТС біржолғы зейнетақы төлемінің сомасына Салық кодексінің 320-бабында белгіленген мөлшерлемелерді (10%) қолдану арқылы есептеледі.

            БЖЗҚ Салық кодексінің 351-1-бабының 2-тармағына сәйкес салымшы таңдап алған, келесі екі тәсілдің бірі бойынша жеке табыс салығының сомасын ұстап қалуды және мемлекеттік бюджетке аударуды жүргізеді:

            1) Салық кодексінің 351-бабында көзделген тәртіппен біржолғы зейнетақы төлемін жүзеге асыру күнінен кешіктірмей, бір-ақ рет;

            2) зейнетке шыққан кезде он алты жылдан аспайтын мерзім ішінде ай сайын тең үлестермен (БЖЗҚ белгілеген зейнетақы төлемдері кестесі бойынша).

            Салымшының ЖТС төлеу тәсілін таңдау жөніндегі шешімі оның уәкілетті операторға берген өтінішінде көрсетілуге тиіс.

            Салымшы ЖТС-ты  бір-ақ рет ұстап қалу туралы өтініш берген жағдайда БЖЗҚ біржолғы зейнетақы төлемін жүзеге асырған кезде ЖТС-ты біржолғы зейнетақы төлемі сомасынан бірден ұстап қалатын болады.

            Мысалы:

  • салымшының ЖЗШ-сындағы зейнетақы жинақтарының сомасы = 8 500 000 теңге
  • зейнетақы жинақтарының ең аз жеткіліктілік шегі = 3 500 000 теңге
  • біржолғы зейнетақы төлеміне қолжетімді сома= 8 500 000 - 3 500 000 = 5 000 000 теңге
  • біржолғы зейнетақы төлемі түріндегі есептелген табыс = 5 000 000 теңге
  • ұстап қалынатын және бюджетке аударылатын ЖТС сомасы= 5 000 000*10%= 500 000 теңге
  • төлем көзінен ұсталған ЖТС шегерілген біржолғы зейнетақы төлемі түріндегі табыс сомасы= 5 000 000 – 500 000 = 4 500 000 теңге.

 

            Салымшы ЖТС-ты ай сайын тең үлестермен ұстап қалу туралы өтініш берген кезде БЖЗҚ біржолғы зейнетақы төлемін жүзеге асыру кезінде ЖТС сомасын ұстамай, мемлекеттік бюджетке аудармай есептейтін болады. Есептелген ЖТС-ты ұстап қалу және аудару жеке тұлға зейнетақы жасына жеткен кезде БЖЗҚ белгілеген зейнетақы төлемдері кестесі бойынша он алты жылдан аспайтын мерзім ішінде тең үлестермен жүзеге асырылатын болады.

            Мысал:

  • салымшының ЖЗШ-дағы зейнетақы жинақтарының сомасы = 8 500 000 теңге
  • зейнетақы жинақтарының ең аз жеткіліктілік шегі = 3 500 000 теңге
  • біржолғы зейнетақы төлемі түріндегі есептелген табыс = 5 000 000 теңге
  • есептелген ЖТС сомасы= 5 000 000 * 10%= 500 000 теңге
  • төлем көзінен ЖТС ұсталмайтын біржолғы зейнетақы төлемі түріндегі табыс сомасы = 5 000 000 теңге.

 

Егер салымшы бірінші тәсіл – ЖТС-ты дереу толық көлемде төлеу туралы шешім қабылдаса, онда ол өтініште алуға болатын соманы 10% мөлшеріндегі ЖТС-ты шегере отырып көрсетуі тиіс. Егер салымшы ЖТС төлеу мерзімін ұзартуды пайдалану туралы екінші тәсілді таңдаған болса, онда ол өтініште алуға сұраныс жасалған соманы ЖТС-ты шегерусіз көрсетуі қажет.

 БЖЗҚ беретін үзінді көшірмеде салымшыға ыңғайлы және өз бетінше таңдау жасау үшін екі сома да көрсетілген. Салымшы көрсететін, алуға болатын сома БЖЗҚ-дан оның уәкілетті операторда ашылған арнайы шотына түседі.