
Терезеден құлау – балалар арасында жарақат алу мен өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі, әсіресе қалалық жерлерде. Ашық тұрған терезе балалар үшін өте қауіпті.
Көп жағдайда мұндай қайғылы оқиғалардың себебі
– ересектердің салғырттығы:
– терезенің ашық қалдырылуы;
– жиһаздың терезе алдына жақын орналасуы;
– терезеге қорғаныс құрылғыларының орнатылмауы;
– ең бастысы – баланы қараусыз қалдыру.
Көбіне балалар орындықты, диванды немесе басқа да жиһазды пайдаланып, өздігінен терезе алдына шығып кетеді. Сондай-ақ олар салмақ көтеруге арналмаған москит торына сүйеніп, торымен бірге құлап кетуі мүмкін. Тіпті мұндай торлар бір жасар баланың салмағына да төтеп бере алмайды.
Баланың терезеден құлап кетуіне жол бермеу үшін мынадай қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз:
– Ашық тұрған терезесі бар бөлмеде баланы ешқашан жалғыз қалдырмаңыз.
– Терезе маңынан барлық жиһазды алыстатыңыз.
– Терезелерге арнайы қорғаныс бекіткіштерін орнатыңыз.
– Балаға орындықты немесе басқа заттарды қойып, терезе алдына шығуды үйретпеңіз.
– Балалардың ересектердің қарауынсыз балконға шығуына жол бермеңіз.
– Москит торына сенбеңіз – ол баланы құлаудан қорғай алмайды.
Баланың қауіпсіздігі – кездейсоқтыққа емес, жауапкершілікке байланысты. Бір ғана абайсыздықтың салдары орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.