Шалқар ауданында құрылыс пен инфрақұрылым бағытындағы ауқымды жобалар жанданды

Шалқар ауданында құрылыс пен инфрақұрылым бағытындағы ауқымды жобалар жанданды

Ақтөбе облысының Шалқар ауданында 2026 жылы құрылыс, инфрақұрылым және әлеуметтік нысандарды жаңғырту бағытындағы ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.

Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидехановтың сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және облыс әкімінің бақылауымен өңірде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты жұмыстар қолға алынған.

Спорт саласында Бозой және Шілікті ауылдарында жаңа спорт кешендерінің құрылысы толық аяқталған. Сонымен қатар Шалқар қаласында В. Цеханович атындағы спорт мектебі мен бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Жаңа нысандар ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік бермек.

Денсаулық сақтау саласында да ілгерілеу бар. Шоқысу, Сарысай және Тоғыз ауылдарында заманауи медициналық пункттер салынды. Ал аудандық аурухананы көпсалалы деңгейге көшіру үшін қосымша құрылыс жобасы әзірленіп, биыл құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.
Білім беру бағытында Бозой ауылында 320 орындық жаңа мектептің құрылысы басталмақ. Бұл жоба ауылдағы білім беру сапасын арттырып, оқушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Инфрақұрылым мәселелері де кезең-кезеңімен шешілуде. Қауылжыр ауылында ауыз су желілерін жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба жыл соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде. Ал Шалқар қаласындағы жаз мезгіліндегі су тапшылығын азайту мақсатында 5 ұңғыма қазылған. Қаратоғай ауылында тағы бір ұңғыма қазу жоспарда бар.
Электр желілерін жаңарту жұмыстары Бозой ауылында басталып, жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

Тұрғын үй саласында да жаңа жоспарлар бар. 2026 жылы жеке инвесторлар есебінен 40 тұрғын үй салу көзделген.

Жол жөндеу жұмыстары аясында Мөңке би, Қотыртас ауылдарының көшелері мен Шалқар қаласындағы Жұмағалиев көшесіне күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонымен бірге «Қандыағаш–Ембі–Шалқар–Ырғыз» және Шалқар–Бозой бағытындағы автомобиль жолдарын жаңғырту жалғасады.

Экологиялық және қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағытында «Таза Қазақстан» акциясы аясында Шалқар көлінің жағалауында жаңа саябақ салынып жатыр. Сондай-ақ жұмысшылар қалашығындағы бауырластар зираты абаттандырылып, тұрғындардың тынығуына арналған орынға айналмақ.

Аудан әкімінің сөзінше, қолға алынған жобалардың барлығы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға және халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.