Шалқарда аудан тарихындағы алғашқы жүзу бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Шалқарда аудан тарихындағы алғашқы жүзу бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Көктемгі мерекелер қарсаңында №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жанынан салынған бұл нысан тұрғындар күткен маңызды оқиға болды.

Спорт кешені ел Президентінің тапсырмасы бойынша спорт инфрақұрылымын дамыту және бұқаралық спортты қолдау бағытындағы жүйелі жұмыстар аясында салынды.

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, облыстық коалиция жетекшісі Ербол Данағұлов, Шалқар ауданының тұрғындары, еңбек ардагерлері мен жас спортшылар қатысты.

 «Бүгін – шалқарлықтар үшін тарихи күн. Қалада бірден екі спорт кешені ашылып отыр. Бұл – мемлекеттік саясаттың өңірлік деңгейде нақты жүзеге асуының нәтижесі. Бұқаралық спортты дамыту – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Біздің міндетіміз – тұрғындарға заманауи әрі қауіпсіз жағдайда спортпен шұғылдануға мүмкіндік жасау. Шалқар тарихында алғаш рет тұрғындар өз қаласындағы 25 метрлік бассейнде жүзуді үйрене алады. Бұл кешен балалар мен жастар үшін тартымды орталыққа айналып, мінезді шыңдауға және жеңіске ұмтылуға ықпал етеді. Осындай жағдай жасай отырып, біз балаларымыздың болашағына және ұлт денсаулығына инвестиция салып отырмыз», – деді Асылбек Есенбаев.

 Соңғы үш жылда Шалқар ауданында екі мектеп, екі ауылдық клуб, үш медициналық пункт ашылды, ұзындығы 156 шақырымды құрайтын «Қандыағаш – Ембі – Шалқар» автожолы жөнделді, төрт ауыл газға қосылды. Биыл аудандық ауруханаға қосымша ғимарат пен өнер мектебінің құрылысы басталады.

Облыс әкімінің орынбасары алдағы маңызды қоғамдық-саяси оқиғаға да тоқталды.

 «Біз маңызды таңдау алдында тұрмыз – 15 наурыз күні өтетін референдум еліміздің болашағын айқындайды. Бұл – әр азаматтың ел дамуына өз үлесін қосып, оның алдағы бағытын қалыптастыруға қатысуына мүмкіндік беретін маңызды оқиға. Баршаңызды белсенді қатысуға шақырамын», – деді ол.

 Өз кезегінде облыстық коалиция жетекшісі Ербол Данағұлов жаңа спорт кешенінің ашылуы өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындардың денсаулығын нығайтуға серпін беретінін айтты. Ол жас спортшыларға табыс пен үлкен жеңістер тіледі және тұрғындарды алдағы референдумға қатысуға үндеді.

Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені – әкімшілік блок, жаттығу залы және тереңдігі 2 метрге дейінгі 25 метрлік бассейні бар бір қабатты ғимарат. Мұнда киім ауыстыратын бөлмелер, душ кабиналары мен медициналық кабинет қарастырылған.  
Кешенде жүзу және су спорт түрлері, пауэрлифтинг, ауыр атлетика, кроссфит бойынша жаттығулар, сондай-ақ шахмат пен тоғызқұмалақ үйірмелері өткізіледі. Жалпы алғанда, мұнда 336 бала спортпен шұғылдана алады.  

Спорт нысанының құрылысы 2023 жылдан бері жүргізілді. Ауданға жұмыс сапары барысында өңір басшысы аяқталмаған нысанды қарап, құрылысты қайта жандандыруды тапсырған еді. Сондай-ақ оның тапсырмасымен жергілікті тұрғындардың өтініші негізінде бассейн салу жобасы әзірленді.

«Тұрғындар бассейннің ашылуын асыға күтті, нысанның қашан пайдалануға берілетінін үнемі сұрап отырды. Бұл түсінікті де, өйткені Шалқарда бұрын-соңды бассейн болмаған. Қазірдің өзінде ата-аналар балаларын жүзу үйірмесіне жаздырып жатыр, ниет білдірушілер көп. Бір ауысымда 20 балаға дейін қабылдай аламыз, балаларға арналған сабақтар тегін болады. Кешкі уақытта бассейнді ересектер де пайдалана алады», – деді ол.

 Жергілікті тұрғындар да қуаныштарын жасырмады. 70 жастағы шалқарлық Жеткерген Өтегенов бұл күнді ұзақ жылдар күткенін айтты.

 «Мен осы жерде туып-өстім, мектеп бітірдім, өмір бойы Шалқарда еңбек еттім, қазір зейнеткермін. Біз бассейнді көп күттік. Балаларымыз бен немерелеріміз қуанып жүр. Бұрын мұндай мүмкіндік болмаған, кейбірі нағыз жүзу бассейнін көрмеген де еді. Енді немерелерім осында қатысатын болады. Балалардың дамуы үшін жасалып жатқан игі істерге ризамын», – деді ардагер.

 Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы ауданда заманауи спорттық ортаны қалыптастыру жолындағы кезекті маңызды қадам болды. Жаңа нысан спортпен шұғылдану мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, шалқарлықтар үшін белсенді әрі салауатты өмір салтының орталығына айналмақ.