Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамытудың жаңа кезеңі басталды

Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамытудың жаңа кезеңі басталды

Қазақстанда алғаш рет Инклюзивті білім беру жөніндегі әлемдік конгресс өтті. Бұл ауқымды халықаралық іс-шара педагогтердің кәсіби құзыреттерін арттыруға, инклюзивті мәдениетті дамытуға және инклюзивті білім беру саласындағы жаһандық диалогтың жаңа кезеңін бастауға серпін берді, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Инклюзивті білім беруді жүйелі дамыту мақсатында мектепке дейінгі ұйымдарда және кәсіби-техникалық білім беру ұйымдарында педагог-ассистент штаттары енгізілді. Бұл бастама ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жеке қолдау көрсетуге мүмкіндік берді. Қазіргі таңда еліміздің білім беру ұйымдарында 3,8 мың педагог-ассистент және 10 275 арнайы педагог қызмет атқаруда.

Сондай-ақ мектептерде мүмкіндігі шектеулі және өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға жеке көмекші лауазымы енгізілді. Нәтижесінде 129 ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаға физикалық сүйемелдеу көрсетілді, оның ішінде бұрын үйде оқыған 45 бала жалпы білім беретін мектептерде білім алуға мүмкіндік алды.

Елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған инфрақұрылым белсенді дамып келеді. Бүгінде 516 арнайы ұйым жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аутизм орталықтарының желісі кеңейтілуде, сондай-ақ ерте жастан бастап мамандық алуға дейінгі балаларды кешенді сүйемелдеу тұжырымдамасы бекітілді.

Инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған білім беру ұйымдарының үлесі 93,3%-ды құрайды. Ал арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған балалар саны 87%-ға жетті.