Ақтөбелік диқандар егін жинау науқанын толық аяқтады

Ақтөбелік диқандар егін жинау науқанын  толық аяқтады

Ақтөбе облысында биылғы ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жұмыстары толығымен аяқталды. Диқандар ауа райының қолайлы кезеңін тиімді пайдаланып, егінді оңтайлы агротехникалық мерзімде жинап алды.

 Облыс бойынша дәнді дақылдар 426,4 мың гектар алқаптан жиналып, орташа өнімділік гектарына 13 центнерді құрады. Жалпы 554,4 мың тонна астық қамбаға құйылды.

 Майлы және көкөніс дақылдары бойынша да жоғары өнім алынған. Майлы дақылдар 60,3 мың гектар алқапта жиналып, гектарына 12 центнер өнім беріп, нәтижесінде 72,4 мың тонна майлы дақыл өнімі алынды.

 Картоп 3,2 мың гектарда өсіріліп, гектарынан орта есеппен 203,3 центнер өнімжиналды.

 Көкөністер 37,3 мың тонна, ал бақша дақылдары 13 мың тонна өнім берді.

 Биылғы егін орағына 1,5 мың трактор, шамамен 600 астық ору комбайны, 800 трактор тіркемесі және 500 жүк көлігі тартылды.

 Науқанды сапалы әрі үздіксіз жүргізу үшін шаруашылықтарға 7,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Диқандарға жеткізу бағасы 1 литріне 250 теңге мөлшерінде белгіленді. Облыста астық қабылдау кәсіпорындарымен шаруашылықтардың қоймалары жаңа астықты қабылдауға толық дайын. Қазіргі таңда элеваторларда 138 мың тонна астық сақталуда. Шаруашылықтардың астығын қабылдау жұмыстары үздіксіз жүргізіледі.

 Мамандардың айтуынша, биылғы егін орағы облыс диқандары үшін табысты болды. Егіс көлемі мен өнім сапасы келесі жылға жақсы негіз қалдырып отыр.