
Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз бағытындағы автожолдың 60 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, көлік қозғалысы толықтай ашылды. Жөнделген учаске Қотыртас пен Қауылжыр ауылдарының арасын қамтиды. Бұл бөлікте көліктің барлық түріне қозғалысқа рұқсат берілді.
Аталған жол бөлігіне жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме – «АссанаДорСтрой» ЖШС. Компания жол сапасына 2 жыл кепілдік беріп, осы мерзім ішінде анықталған ақауларды өз қаражаты есебінен жөндейтін болады. Айта кетейік, өңірдегі ірі елді мекендерді байланыстыратын республикалық маңызы бар бұл жолдың құрылысы 60 жыл бұрын, III техникалық санатқа сәйкес салынған. Орташа жөндеу жұмыстары 2023 жылы басталған болатын. Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз тас жолының жалпы ұзындығы – 401 шақырым. 2024 жылы оның екі бөлігінде жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді:
Шалқар қаласынан Қауылжыр ауылына дейінгі (224–259 км) учаске;
Ырғыз ауылынан Самара – Шымкент тас жолына дейінгі (391–401 км) бөлігі. 2025 жылы жөндеу жұмыстары тағы 110 шақырымда жалғасуда:
Қандыағаш – Ізімбет ауылдары арасындағы 0–25 км және 25–50 км учаскелері (мердігер – «АссанаДорСтрой» ЖШС);
Қотыртас – Қауылжыр ауылдары арасындағы 164–224 км бөлігі (мердігер – «АссанаДорСтрой» ЖШС). Сонымен қатар, Ізімбет – Бершұғұр – Қотыртас бағытындағы 50–92 км және 148–164 км аралығындағы жол бөліктерін жөндеу 2026 жылға жоспарланған.