Ақтөбе облысы Шалқар ауданы «№4 жалпы орта білім беретін мектеп» КММ-нің мұғалімі Еңсепова Күнжәмила Орынбасарқызы – саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнап, білім беру саласында 42 жыл бойы аянбай еңбек етіп келе жатқан ардақты ұстаз. Бүгін ол өңір басшысы Асхат Шахаровтың қолынан Президент Жарлығымен тағайындалған «Құрмет» орденін алды.
Ұлағатты ұстаздың көп жылғы ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Биылғы дәстүрлі Тамыз конференциясында Күнжәмила Орынбасарқызына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан «Құрмет» ордені табысталды. Бұл – ұлт болашағы үшін адал қызмет етіп жүрген шынайы маманға көрсетілген жоғары марапат, ел алғысының белгісі.
Ұжым ішінде зор беделге ие, шәкірт жүрегінен орын алған аяулы ұстаз талай түлектің арманына қанат бітіріп, еліміздің белсенді азаматтарын тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосып келеді. Оның бай тәжірибесі мен биік адамгершілігі – әріптестері мен жас мамандар үшін үлкен үлгі.