Ваучерлік қаржыландыру жүйесі бос орындары бар және белгіленген талаптарға сай келетін мектепке дейінгі ұйымдарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
«Бүгінгі күні ваучерлік қаржыландыру жүйесіне 4,7 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйым қосылды, 500 мыңнан астам бала балабақшадан орын алды. Республикалық маңызы бар қалаларда кезек екі есе қысқарды», — деп хабарлайды Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова.
Ата-аналарға балабақшаны өз қалауынша таңдау мүмкіндігі берілген, бұл жеке және мемлекеттік балабақшалар арасында салауатты бәсекелестікті қалыптастырады.
Жүйе ең алдымен «ақша балаға беріледі» қағидатына негізделген қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ететін негізгі шартты қамтиды. Қаражат тек баланың баруын ата-аналар растағаннан кейін ғана аударылады.
Барлық мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыруға көшіру 2025 жылдың соңына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.