Біріккен Араб Әмірліктерінде 5-14 шілде аралығында өткен Халықаралық химия олимпиадасында (IChO-2025) Қазақстан құрамасының мүшесі, Ақтөбедегі дарынды жасөспірімдерге арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы Жақсылықов Аңсар күміс медаль иеленді.
Әлемнің 93 елінен келген 360-тан астам дарынды жас химик қатысқан бұл беделді халықаралық сайыста Аңсар жоғары білім деңгейі мен терең ғылыми дайындығын дәлелдеді. Бұл – еліміздің білім беру саласындағы маңызды жетістік әрі жас буынның әлеуетін көрсететін жарқын мысал.
Аңсардың олимпиадалық жолы 7-сыныптан басталды. Сол кезден бастап ол түрлі деңгейдегі оқу-жаттығу жиындарына қатысып, өзін үздік оқушы ретінде көрсете білді. Жыл сайын жетілдіріп отырған білімі мен ғылыми ізденісі арқасында ол республикалық және халықаралық деңгейде бірқатар жүлделерге ие болды.
Аңсар Жақсылықов бұған дейін елімізде 7-10 класстар аралығында өткізілген білім Олимпиадасында 4 мәрте алтын медаль; жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада 3 мәрте алтын медаль; Қ.Сәтбаев атындағы республикалық олимпиада – алтын медаль, С.Бәйішев атындағы облыстық олимпиадада - алтын медаль, «Туймаада» халықаралық олимпиадасында – екі мәрте қола медаль, бүкіл Сібірлік ашық олимпиадада – алтын медаль, Халықаралық Менделеев олимпиадасында – күміс медаль иеленді.
Жерлесімізді кезекті жеңісімен құттықтаймыз!