Ақтөбеде Ұлттық домбыра күніне орай ерекше көрме ашылды

Ақтөбеде Ұлттық домбыра күніне орай ерекше көрме ашылды

Көрме 4 шілдеден 15 шілдеге дейін жалғасады. Қазақтың қасиетті қара домбырасына, оның ғасырлар бойғы шежіресіне қызығушылық танытқан әрбір жанға музей есігі айқара ашық.
 
Бүгін Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ұлттық домбыра күніне арналған «Даламыздың үнісің сен, домбыра!» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті. Шара халқымыздың төл мұрасы мен рухани байлығын дәріптеуге арналған.

Көрмеге қазақ өнері мен мәдениетінде өшпес із қалдырған тұлғалар — Момын Байғанин, Айса Шәріпов, Бәкір Тәжібаев сынды ұлы қайраткерлерге тиесілі, тарихи және мәдени құндылығы жоғары бірегей домбыралар коллекциясы қойылды. Әрбір домбыра — иесінің өмір жолын, шығармашылық мұрасын паш ететін, өз заманының үнін жеткізетін қастерлі жәдігер.
 
Көрменің ашылу рәсімінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, шебер домбырашы Талап Хамзин, белгілі жыршы, дәстүрлі өнер өкілі Әділбек Сарин, сондай-ақ «Ер Едіге» жыр мектебінің шәкірттері өнер көрсетіп, көрерменге рухани әсер сыйлады.
 

👏

Ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, жас буынға үлгі болған бұл шара көрермен тарапынан үлкен ықыласқа ие болды.
 
🕐Көрме 15 шілдеге дейін жұмыс істейді.