«Әлеуеті жоғары — оны пайдалану қажет»: Асхат Шахаров өңір дамуы туралы

«Әлеуеті жоғары — оны пайдалану қажет»: Асхат Шахаров өңір дамуы туралы

 

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инвестиция тарту мәселелері кеңінен қаралды.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Максатовтың мәліметінше, жыл басынан бері өңірде экономикалық көрсеткіштердің 103,9% деңгейінде өсуі тіркелген. Өсім өнеркәсіпте – 102,6%, негізгі капиталға салынған инвестицияда – 134,7%, ауыл шаруашылығында – 102,3%, құрылыста – 114,9%, тұрғын үй пайдалануға беруде – 106,2%, көлік және қойма саласында – 111,3%, саудада – 101,3% көрсеткіштерін көрсетіп отыр.

Жиын қорытындысында Асхат Шахаров өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі нығайтуға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Ол қол жеткізілген қарқынды сақтап қана қоймай, сапалы өсімді қамтамасыз ету қажеттігін тілге тиек етті. Ол үшін туындайтын сын-қатерлерге дер кезінде жауап беріп, мәселе туындаған нүктелерді нақты білу маңызды екенін айтты.

Әкім әрбір басқарма мен аудан өз жауапкершілік аймағын нақты түсініп, нәтижеге жұмыс істеуі керектігін баса айтты. Тек сонда ғана өңірдің тұрақты дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттыру мүмкін болады.

«Индикаторларды қайта қарау қажет. Шынайы жағдайды көрсететін нақты көрсеткіштерге мән берген жөн. Барлық басқармалар өз алдына жеке емес, бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуі тиіс. Сонда ғана біз жүйелі әрі тұрақты дамуға қол жеткізе аламыз. Облыстың әлеуеті жоғары, оны толық пайдалану керек. Инвестиция тарту жұмыстары формалды түрде емес, нақты нәтижеге бағытталуы қажет. «Ақтөбе» ӘКК, «Kazakh Invest», кәсіпкерлік басқармасы бір команда болып жұмыс істеуі тиіс. Әрбір жобаға жеке көзқарас қалыптастырып, барлық кезеңде сүйемелдеу аса қажет», – деп түйіндеді облыс әкімі.