
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні облыстың елді мекендерінде атап өтіледі. Негізгі іс-шара «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы маңында өтетін «Бірлікте біздің күш» мәдени-көпшілік бағдарламасы болмақ. Мереке аясында концерттер ұйымдастырылып, этномәдени бірлестіктер «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысады.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Негізгі іс-шаралар 6 мамырда Өнер орталығында өтеді. Мұнда «Ел қорғаны – ерлік рухы» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, қала алаңдарында концерттер өтіп, ел дамуына үлес қосқан және патриотизм танытқан азаматтарды марапаттау рәсімдері болады.
9 мамыр – Жеңіс күні дәстүрлі түрде Ұлы Отан соғысы батырларының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюмен басталады. Сондай-ақ еске алу және патриоттық акциялар, ардагерлермен кездесулер өтеді. Бұдан бөлек, Ұлы Отан соғысы ардагерлері, тыл еңбеккерлері және басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушыларға біржолғы төлемдер қарастырылған.
28 мамыр – Ақтөбе қаласының күніне айырықша назар аударылады. 18–28 мамыр аралығында өтетін онкүндік бағдарлама аясында 11-шағынаудандағы Орталық саябақта «Bala fest Aqtobe» балаларға арналған ойын-сауық шарасы, «Aqtobe dance» би фестивалі, триатлон саябағында жастар кеші, әдеби-музыкалық кештер және «Ақтөбе дауысы» жас орындаушылар байқауының финалы өтеді. Сонымен қатар өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған «Тары-fest» гастрономиялық фестивалі ұйымдастырылады.
28 мамыр күні кешкі сағат 18:00-ден бастап қаланың бес алаңында – Арбат алаңы, Қалалық мәдениет үйінде, Авиатор саябағында, Денсаулық саябағында және Есет батыр шағынауданында «Асқақтай бер, Ақтөбем!» атты жергілікті өнерпаздардың концерттері өтеді. Ал сағат 20:00-де «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алдындағы алаңда эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылады.
Мамыр айындағы іс-шаралар 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнімен аяқталады. Бұл күні Түйетөбеде, 1930–1950 жылдардағы қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалда, сондай-ақ «Азаттықтың ақ таңы» тарихи кешенінде және ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіште гүл шоқтарын қою рәсімдері өтеді.