Ақтөбе облысында мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмысын бастады

Ақтөбе облысында мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмысын бастады

Жазғы демалыс бастала сала, Ақтөбе облысында мектеп жанындағы лагерьлер жұмыстарына кірісті, оқушылар үшін жарқын әсерлерге, жаңа мүмкіндіктерге және ұмытылмас демалысқа толы маусымның шымылдығын ашты.

Биылғы жазда балалардың бос уақытын мазмұнды, қауіпсіз әрі пайдалы ұйымдастыруға көңіл бөлінуде. Мектеп жанындағы лагерьлерде оқушыларды шығармашылық шеберлік сабақтары, спорттық жарыстар, зияткерлік ойындар, танымдық экскурсиялар, туристік жорықтар, тақырыптық квесттер, түрлі байқаулар, қызықты тұлғалармен кездесулер және әртүрлі дамытушы іс-шаралар күтеді.

Өңір бойынша барлығы 699 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істейді. Оның ішінде 297-сі тамақтандырумен қамтамасыз етілген лагерь болса, 402-сі - бейіндік лагерьлер. Сонымен қатар, оқушылар үшін қосымша білім беру ұйымдарының жанынан жазғы алаңдар ұйымдастырылады.

Облыстағы 1–10 сынып оқушыларының барлығын — 178 095 баланы жазғы демалыспен және сауықтыру шараларымен қамту жоспарланып отыр. Әрбір бала жазғы демалыстың бірнеше түріне қатар қатыса алады: мектеп жанындағы лагерьлерге барып, сауықтыру орталықтарында демалып, экскурсияларға және жазғы алаңдардың жұмысына қатысу мүмкіндігіне ие болады.