Ақтөбелік мұғалім «ТМД-ның үздік ұстазы» атанды

Ақтөбелік мұғалім «ТМД-ның үздік ұстазы» атанды

24 наурыз күні Астана қаласында өткен «ТМД-ның үздік педагогі» атты халықаралық байқауда Ақтөбе қаласындағы Білім-инновация лицейінің тарих пәні мұғалімі Орынбек Айбол Ерболұлы жоғары жетістікке қол жеткізді. Ол кәсіби шеберлігі мен педагогикалық тәжірибесінің нәтижесінде «ТМД-ның үздік ұстазы» атағына ие болды.

Бұл жетістік – ұстаздың білім беру саласындағы көпжылдық еңбегінің лайықты бағалануы ғана емес, сонымен қатар өңірдегі білім сапасының жоғары деңгейін айғақтайды. 13 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз шәкірт тәрбиелеуде өзіндік әдіс-тәсілімен ерекшеленіп келеді.

Айбол Ерболұлының айтуынша, мұғалім болуға деген қызығушылығы мен құлшынысының түп-тамыры отбасылық тарихпен тығыз байланысты. Оның атасы Уайыс өткен ғасырдың 30-жылдары қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтың тапсырмасымен ауылда мектеп ашуға атсалысқан. Ағартушылық жолдағы осы тарихи сабақтастық жас ұстазға үлкен мотивация беріп, білім беру саласын таңдауға ықпал еткен.

Бүгінде ол сол аманатқа адал болып, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруді басты мұрат етіп келеді.